Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімнің қысымынан көз жұмды деген Ясминаның соңғы хабарламалары жарияланды

Ясмина
Фото: Мұрағаттан

Қайғылы жағдай Алматы облысында 2026 жылы 23 сәуір күні сағат 15:30 шамасында болды. Ясмина үйде асылып қалған. Ата-анасы, сіңлісі сағат 18:30 шамасында үйге келіп, қыздың денесін тауып алған. Stan.kz редакциясына сұхбат берген марқұмның жақыны мұғалімнің буллингі ақпан айынан сәуірге дейін жалғасқанын айтып отыр. 

Ясминаның анасының әпкесі Рашиданың айтуынша қыз мектеп мұғалімінің баласымен аралысып жүрген. Алайда қай уақыттан бері кездесіп жүргені өздеріне де беймәлім. Ернат есімді жігіттің анасы – мектепте география пәнінің мұғалімі.

“Жігіт мектепте оқымайды, колледж студенті. Ясминадан бір жастай үлкендігі бар. Екеуінің ортақ достары көп, жігіт қызға сыйлықтарын беріп, көңіл бөліп жүрген. Ясмина ата-анасының рұқсатынсыз шығып, түнде жүретін қыз емес. Жігіттің анасы ұлына бұл қарым-қатынасқа қарсы екенін айтқан. Алайда жігіт анасынан өміріне араласпауын сұрап, Ясминамен сөйлесуін тоқтатпаған. Ернат соңғы рет Ясминаның туған күнімен құттықтап, 11 ақпан күні барған, сыйлығы мен гүлін берген. Содан кейін оны анасы Ясминамен араластырмау үшін екі айға ауылға жіберген. Бірақ ол Ясминамен телефонмен сөйлесіп жүрген”, – дейді марқұмның туысы. 

Оның сөзінше, Ясмина бір рет анасына Ернат деген жігітпен сөйлесіп жүргенін, бірақ анасының олардың қарым-қатынасына қарсы екенін айтып қалған. Мұны білген анасы Ясминаға ондай жағдайда кездесіп, сөйлесудің қажеті жоғын айтқан.

“Жігіт анасының сөзін елемеген соң, мектеп мұғалімі Ясминаға буллинг жасаған. Түртіп, сілкіп, мінеп жүретін көрінеді. Бірде ол Ясминаның электронды шылымды татып көріп отырған ортада жүрген видеосын көріп, Ясминаға қоқан-лоқы көрсеткен. “Анаңды директорға шақыртамын, соттатамын” деген сөздер айтылған. Тіпті, “директорға айтып, аттестатыңды бергізбеймін” деп қорқытқан. Булиинг ақпан айынан сәуірге дейін жалғасқан. Ясминаның бұл жағдайдан соң мазасы кеткен, бірақ ол туралы ата-анасына айтпаған. Ясминаның кіші сіңлісіне “Даун” синдромы диагнозы қойылған. Онсыз да уайымдап жүрген ата-анасына тағы салмақ салып, қапаландырғысы келмеген”, – дейді Рашида.

Айтуынша, Ясмина жігітпен қарым-қатынасын тоқтатқанын, сөйлеспейтінін айтып, мұғалімнен үнемі кешірім сұрап келген. Тіпті соңғы демі үзілгенше кешірім сұрап кеткен.

“23 сәуір, қайғылы жағдай болған күні мұғалім Ясминаның сыныбына кіріп, бүкіл баланы көзінше “баламмен араласпаймын” деген қолхат жазып бер деп талап еткен. Ясмина алғашында білгенінше жазып берген. Бірақ мұғалім оны жаратпай, өзінің айтқаны бойынша қолхат жаздырған. Ясмина сол кезде оған барып сөйлеспек болған, алайда мұғалім оған уақытын бөлмейтінін айтып, бас тартқан. Сөйтіп сабақтан кейін Ясмина құрбыларына серуендеп қайтуды ұсынған. Болған жағдайдан соң сөйлесіп, жеңілдегісі келген. Алайда құрбылары басқа да жұмыстары барын айтып, ұсыныстан бас тартқан. Бір құрбысына жазған, ол үй тазалап жатырмын, кейін міндетті түрде хабарласатынын айтқан. Содан кейін Ясмин Ернатқа сол күні сыныпта болған жағдайда бастан-аяқ баяндап берген. Соңғы хабарламасында жігіттен де, анасынан да кешірім сұраған. Бұл шамамен 14:30-15:00 шамасында болған”, – деп қайғылы жағдай болған күнді еске алды Рашида.
Ясмина (1)
Фото: Мұрағаттан

Экспертиза Ясминаның 15:00 шамасында асылып қалғанын көрсеткен.

“Бірінші үйге жарысқа кеткен екінші сіңлісі келген. Үйдің есігі, терезесі жабық болған. Ол ата-анасын күтіп, кішкентай тесіктен үйге кіріп, залда құбырға асылып қалғанын көрген. Жаныда қағаз болған. Онда “Мама, папа, мен сіздерді жақсы көремін. Менің басқа амалым жоқ. Менің кешіріңдер” деп жазылған. Сосын телефоны болған. Біз мұғалім мектеп директорымен жақын қарым-қатынаста деп күдіктеніп отырмыз. Өтйкені, мектеп мұғалімдері мен директор көңіл айтуға келгенде дауыс көтеріп, аудан төрағасы келіп “ұлтаралық мәселені” көтермеңіздер” деп айғайлап кеткен. “Кешірім сұра да” деп талап еткенде, мұғалім Ясминаның анасының алдына барып, өзінің еш кінәсі жоғын айтып, кешірім сұрады. Мен Білім бөліміне екі мәрте арыз жаздым. Ешқандай жауап болмады. Мұғалім жұмысын жалғастырып жатыр, ескерту де, сөгіс те жариялаған жоқ”, – деп қапалы Ясминаның әпкесі. 

Оқиғадан кейін 4 ай өтсе де, сараптаманы енді алып отырмыз деп отыр Рашида. Онда мұғалімнің Ясминаға психологиялық қысым көрсеткендіктен, сыныптастарының көзінше Ясминаға қолхат жаздырғандықтан, қыздың күйзеліске түсіп, өзіне қол жұмсағаны көрсетілген дейді ол.

“Сараптама қорытындысы қолымызда. Бірақ Іле ауданының прокуратурасы бұл істі созбақтап жатыр. Мұғалім күдікті ретінде танылмаған, не қамауға алынбады, жұмыстан да шығарылмаған. Прокуратура да, білім бөлімі де ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ. Ясминаның әкесінің туыстары директорға барып, мұғалімді бап бойынша жұмыстан шығаруын талап еткен. Алайда директор “бап бойынша шығара алмаймын, 20 жылдық тәжірибесі бар” деп қолын бір сілтеп кетіп қалған. Сондай-ақ мұғалімнің өзімен сөйлескенде мұғалім қолхат жаздырғанын растап, қолхаттың өзінде екенін айтқан. Бірақ кейін бұз сөзінен бас тартып, өзіне ешқандай қолхаттың жоғын жеткізген. Бірақ Ясминаның сыныптастары сот алды тергеу кезінде қолхат жаздырғанын растады”, – деп әділдікке жете алмай отырғанын айтты марқұмның жақыны.

Рашиданың айтуынша, жігіттің өзі Ясминаның өлімінен кейін мүлдем хабарсыз кеткен. Жерлегенде де, қырық күндігінде де келмеген дейді.

“30 мымырда Ясминаның сыныптастары зират басына гүлін, мектеп түлегі тағатын лентасын алып барды. Мұны жігітке айтып, қатарға қосылуын ұсынған. Алайда жігіт “кейін барамын, бұл жолы емес” деп бас тартқан”, – дейді Рашида.

Анасының жібермейтінін айтып, сылтауратқан деді Ясминаның анасы.

Еске салайық, Алматы облысында 17 жастағы 11-сынып оқушысы Ясмина Ізімжан көз жұмған еді. Қыздың туыстарының айтуынша, бұған дейін ол 19 жастағы жігітпен қарым-қатынасына байланысты мектеп мұғалімі тарапынан психологиялық қысымға ұшыраған. Марқұмның туыстары мұғалім тарапынан қыздың ұлтына қатысты ауыр сөздер айтылғанын мәлімдеп отыр. Бұдан бөлек, Ясминаға ата-анасын мектепке шақырту, әлеуметтік желідегі жарияланымдары үшін сотқа жүгіну сияқты ескертулер жасалған. Туыстарының сөзінше, қыз ақырында жігітпен араласуын тоқтататыны туралы жазбаша қолхат беруге мәжбүр болған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 13:58