Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда шұғыл қонған ұшақтың жолаушысы көз жұмды

Атырау әуежайы
Фото: iaa-jsc.kz

Түркиядан Ресейге бағыт алған “Аэрофлот” әуе компаниясының ұшағы жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Атырау әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұшақ қонар алдында әуежайдың тиісті қызметтері хабардар етіліп, медициналық бригада әуе кемесін перронда күтіп алған. Алайда қонғаннан кейін дәрігерлер жолаушыны тексеріп, оның өмірден өткенін анықтаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін.

Оқиға 25 тамызда тіркелген.

Қазір Көліктегі полиция департаменті болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін бастапқы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Марқұмның денесі әрі қарайғы қажетті рәсімдер үшін тиісті қызметтерге тапсырылған. Онымен бірге ұшып келе жатқан әйел жолаушы да рейстен түсірілген.

Қажетті рәсімдер аяқталған соң ұшақ Атырау – Екатеринбург бағыты бойынша рейсін жалғастырған.

Полиция ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, оқиғаның өзге де мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыға бағыт алған ұшақ жолаушының жағдайы нашарлап, Ақтөбеге шұғыл қонғаны хабарланған еді. Әуе компаниясының мәліметінше, DV712 Актөбе – Алматы рейсін орындау барысында бір жолаушының жағдайы кенеттен нашарлаған. Қону барысында жолаушы жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылған. Олар реанимациялық шараларды жалғастырған, алайда кейін жолаушының көз жұмғаны белгілі болды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 12:53