Алматыда ЭКСПО құрылысы басталды: Ол үшін жер телімдері мәжбүрлі түрде алынып жатыр

Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда ірі ЭКСПО-орталықтың құрылысына дайындық басталды. Жоба аясында Медеу ауданында орналасқан жер телімдері мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алынып, иелеріне нарықтық өтемақы төленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласында жаңа ЭКСПО-орталық салу жоспары аясында жер телімдерін мемлекет қажетіне алу жұмыстары басталды. Тиісті қаулы 2026 жылғы 26 наурызда қабылданған.
Құжатқа сәйкес, нысан Медеу ауданында, Құлжа тас жолының шығыс жағында орналасады. Дәл осы аумақта болашақта ірі көрме кешенін салу көзделіп отыр.
Жалпы алынатын жер телімдерінің аумағы шамамен 1 гектар болады. Жерді алу мерзімі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. ЭКСПО-орталық – халықаралық көрмелер, бизнес-форумдар, концерттер мен түрлі ауқымды іс-шараларды өткізуге арналған көпфункциялы алаң болмақ.
Мемлекет қажетіне алынатын жер телімдерінің иелеріне өтемақы төленеді. Жер мен ондағы нысандардың құны нарықтық бағамен бағаланады. Егер меншік иесі ұсынылған сомамен келіспесе, мәселе сот арқылы шешілуі мүмкін.
Ресми мәліметке сәйкес, келесі мекенжайлардағы жер телімдері алынбақ:
- Құлжа тас жолы, 92 (0,56 га)
- Құлжа тас жолы, 70/2 (0,15 га)
- Алматы – Қорғас автожолы бойындағы жер телімі (0,25 га)
Қазір Алматыда мемлекеттік қажеттілік үшін жер алу жұмыстары тек осы жобамен шектелмейді. Қалада жаңа теміржол вокзалы құрылысына байланысты 50-ден астам нысан сүрілмек. Сондай-ақ көшелерді ұзарту және метроның екінші желісін салу үшін де жер телімдері сатып алынады. Жалпы, 2026 жылдың соңына дейін Алматыда 1300-ден астам жер телімін мемлекет қажетіне алу жоспарланған.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу үшін 270 жер телімі мемлекет қажетіне алынатынын жазған едік. Бұл туралы 2026 жылғы 26 наурыздағы қаулыда көрсетілген. Жоба Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарын қамтып, маршрут Алматы-2 вокзалы мен Мөңке би көшесінің аралығында өтеді. Жер телімдерін алу мерзімі 2028 жылдың соңына дейін жалғасады. Иелеріне заңға сәйкес өтемақы төленеді. Жоспар бойынша LRT желісі 2029 жылы іске қосылады.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты