Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда вейп сатуға қатысты деп айыпталған подполковник қызметіне оралып, соттан 4,6 миллион теңге өндіріп алды

Фото: Polisia.kz

Павлодарда вейп сатуға қатысы бар деп айыпталған полиция подполковнигі сотта жеңіп, қайта қызметке келді. Ол вейп сатумен айналысқан кәсіпкерге қамқорлық көрсетті деген күдікпен жұмыстан қуылған болатын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Сот кабинеті" мәліметінше, Павлодар облысы полиция департаментіндегі басқарма басшысы өткен жылдың маусымында қызметінен кеткен. Ол вейп сататын кәсіпкерге көмектесті деген күдікке ілінген. Тергеушілер оны пара алды деп те күдіктенген.

Полицейді жұмыстан босатардан бірнеше күн бұрын оның пәтерінде санкцияланбаған тінту жүргізіліп, жұбайының үш ноутбугі мен өзінің смартфоны тәркіленген. Одан кейін қызметтік тексеріс өткізіліп, тәртіптік комиссия құқық қорғау органдарының беделін түсіретін әрекеттер үшін жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған.

Өткен жылдың қараша айында Павлодар облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті полицейге қатысты қылмыстық істі оның кінәсі дәлелденбегендіктен тоқтатты. Жұмыстан босатумен келіспеген офицер полиция департаментін сотқа беріп, бұрынғы қызметіне және арнайы атағына қайта қалпына келтіруді талап еткен. Алайда полиция ведомствосы талап-арызбен келіспеген.

“Сотта жауапкердің өкілі полицейді қызметтік әдепті бұзғаны және қызмет беделіне нұқсан келтіргені үшін жұмыстан босатқанын айтқан. Қылмыстық іс пара алу күдігі бойынша тоқтатылғанымен, бұл оның ақталғанын білдірмейді. Өйткені іс ақтамайтын себеппен жабылған.

Прокурор да сотқа талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуды ұсынған. Алайда бұрынғы полицей жұмыстан босатылған кезде ауруханада болғанын көрсете білді. Сонымен қатар, бұйрық шыққан кезде сот үкімі жоқ еді. Ал іс тек тергеу сатысында болғандықтан, жұмыстан шығару мерзімінен бұрын жасалған деп танылды”, – делінген хабарламада. 



Сот полицейді жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жойды.

“Сот шешімі бойынша М.-ны Павлодар облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы лауазымына және "полиция подполковнигі" атағына қайта қалпына келтіру қажет. Сондай-ақ, оны үш айға берілмеген жалақысы — 2 341 773 теңгені өндірумен бірге жұмысқа қайта қабылдау керек, және бұл шешім дереу орындалуы тиіс", – делінген.

Ресми мәліметке сәйкес, Павлодар облысы полиция департаменті қызметкерге мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалпы 4 683 546 теңге төлеуге міндеттелген. Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты шешімді офицердің пайдасына шығарды. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 10:54