Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордадағы үш баланың өмірін қиған өрт: Өнеркәсіп министрлігі тұрғын үй сапасына қатысты сұраққа жауап берді

Фото: Видеодан скрин

Астанада үш бала қаза тапқан өрттен кейін көпқабатты тұрғын үйдің сапасына қатысты сұрақ туындады. Ал Құрылыс комитеті өкілдері тергеу аяқталмай нысанға қатысты нақты баға бере алмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев мәлімдеді. Ол соңғы қайғылы жағдайға байланысты пікір білдіріп, нақты себептер тергеу аяқталған соң белгілі болатынын айтты.

“Апатқа ұшыраған нысанның сапалы не сапасыз салынғаны әзірге нақты анықталмады. Қазір тергеу басталған, қорытындысы шыққан соң толық ақпарат жарияланады”, – деді Мыңбаев. 

Сонымен қатар ол шілде айында күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексінде бақылау тетіктері күшейтілетінін мәлімдеді.

“Жаңа талаптарға сәйкес, енді нысандарды қабылдау процесіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары тікелей қатысады. Бұдан бөлек, құрылысқа қатысатын техникалық және авторлық қадағалау мамандарының, мердігер мекемелер мен тапсырыс берушілердің жауапкершілігі артады”, – деді құрылыс комитетінің өкілі. 

Оған қоса Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков көпқабатты үйлердегі автотұрақ мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, паркинг орындары әрбір тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасында міндетті түрде қарастырылады.

“Құжаттар сараптамадан өткен кезде тұрғындар санына сай қанша көлік орны қажет екені көрсетіледі. Алайда нақты құрылыста бұл талаптың орындалуы мердігер мен тапсырыс берушінің жауапкершілігіне байланысты”, – деді вице-министр. 

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі жүйедегі негізгі мәселенің бірі нысандарды қабылдау процесіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары қатыспайды. 

“Осы уақытқа дейін тұрғын үйлерді пайдалануға беру кезінде техникалық және авторлық қадағалау, мердігер және тапсырыс беруші ғана қатысып келген. Шілде айында күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексінен кейін бұл талаптар күшейтіледі. Енді мемлекеттік бақылау органдары да қабылдау процесіне араласып, құрылыс сапасы мен жобаның орындалуын қадағалайды”, – деді вице-министр.

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты. 

Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2-3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған.

Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.

Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 11:37