Блогер Жанәбілов cотта заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын мойындады

Астанада өтіп жатқан сот отырысында блогер Ерболат Жанәбілов өзіне тағылған айыптардың бір бөлігін ғана мойындап, заңсыз кәсіпкерлік бойынша кінәсін қабылдағанымен, ақшаны жылыстату дерегін жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада өткен сот отырысында блогер Ерболат Жанәбілов өз кінәсін ішінара мойындады.
"Мен 214-бап (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәмді мойындаймын, иә, біз кәсіпті заңсыз жүргіздік. Бірақ 218-бап (ақшаны жылыстату) бойынша кінәмді мойындамаймын", – деді Ерболат Жанәбілов.
Жанәбілов заңды толық білмегенін, салық төлеген жағдайда бәрі дұрыс деп ойлағанын айтты. Оның сөзінше, жеке шаруашылық серіктестігі (ЖШС) есепшотынан депозитке ақша аудару заңсыз екенін білмеген. Әңгіме 560 мың теңге туралы болып отыр. Ол сондай-ақ қызметкері "Жаңа бизнес" ЖШС-ның шотынан депозитке ақша аударып, кейін қайта қайтарғанын, мұны жүлде қорын ұлғайту мақсатында жасағанын түсіндірген.
Сот отырысында блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловтің мүддесін қорғаушы адвокат Гаухар Айтжанова айыпталушыдан тағылған айыптарды мойындай ма деп нақтылады. Сұраққа жауап берген Төлегенова заңсыз кәсіпкерлікке қатысты заң бұзушылық болғанын түсінетінін айтты.
"Заңсыз кәсіпкерлікке қатысты, әкімшілік іс кезінде біз қол қоюдың қажеті жоқ деп ойладық, өйткені оның қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсінбедік. Ал қазір, әрине, заң бұзғанымызды түсінемін. Мұны мойындаймын. Шынымды айтсам, бұл жерде тұру маған өте ауыр. Біз жауапкершілікті көтеруге дайынбыз", – деді Эльмира Төлегенова.
Алайда блогер ақшаны заңдастыру (жылыстату) бабы бойынша тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл айыптың қандай негізде тағылғанын түсінбейді.
Блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы ("Заңсыз кәсіпкерлік") және 218-бабы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру") бойынша айып тағылған. Сотталушы өзін эмоцияға берілмейтін адам деп сипаттағанымен, қазіргі жағдайда қатты күйзеліске түскенін айтты.
"Мен эмоцияға берілетін адам емеспін, бірақ бұл жағдайда әйел ретінде маған өте ауыр тиіп отыр", – деді ол көзіне жас алып.
Осыдан кейін Төлегенова соттан үзіліс жариялауды сұрады. Үзілістен соң ол бұл жағдайдың психикалық және эмоциялық күйіне қатты әсер етіп жатқанын айтты.
"Бұл менің психикалық, ментал саулығыма қатты әсер етіп жатыр. Неге бізге бұл бап тағылғаны түсініксіз. Бұл 214-бапты ауырлату үшін жасалғандай әсер қалдырады. Мен бұл ақшаны шығарған жоқпын, қолма-қол алған жоқпын, қаражат тек компания ішіндегі шоттар арасында аударылған, ол әлі де есепшотта тұр", – деді ол.
Сондай-ақ Төлегенова ешқашан міндеттемелерден жалтаруды немесе мемлекетке қарсы әрекет етуді мақсат етпегенін атап өтті.
"Басқа блогерлердің істері апелляцияда аяқталып жатыр, ал неге бізге қатысты қылмыстық іс қозғалды?" – деп сұрады ол.
Төлегенова сол кезде заң бұзғандарын түсінбегенін, тергеумен толық ынтымақтасқанын және ештеңені жасырмағанын айтты. Сөз соңында ол соттан істі әділ қарауды сұрады.
"Неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл ата-аналарымызға өте ауыр тиіп жатыр. Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Мұндай жағдайды тіпті жауыма да тілемеймін", – деген еді ол.
Айта кетейік, Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі әлеуметтік желілердегі көлік пен ақша ұтыс ойындарымен байланысты. Қатысу үшін адамдардан шамамен 30 мың теңге көлемінде "оқыту курстарына" төлем жасау ұсынылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, блогерлер өз танымалдылығын пайдаланып, адамдарды ақылы өнімдерге тартқан. Қазір іс ашық сотта қаралып, куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.
"50 миллиардқа жуық қаржы бөгде шотқа түседі": Блогер Республика сарайын жалға берушілерді ел қазынасына қол сұқты деп айыптады
