Қазақстандықтардың шоты жаппай бұғатталды: Қаржы министрлігі қателігін мойындап, кешірім сұрады

9 сәуірде Қазақстанда жаңа салық жүйесін енгізу кезінде техникалық ақау болып, азаматтар мен компаниялардың шоты жаппай бұғатталған. Осы жағдайға байланысты Қаржы министрлігі қателікті мойындап, халық пен бизнес өкілдерінен кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет брифингінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтан неге жуырда қазақстандықтардың шоты жаппай бұғатталғаны сұралды. Кейбір компаниялар бір тәулік бойы өз қаражатын пайдалана алмаған. Кейін Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайдың жүйедегі қателіктен болғанын мәлімдеген.
“Иә, расында, бұл жағдай 9 сәуірде болды. Бұл жаңа ақпараттық жүйелерді енгізуге байланысты. Қазір біз кедендік және салықтық жүйелерді толық ауқымда жаңғыртып жатырмыз. Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін енгізу барысында осындай ақау болды. Бұл берешек туралы орындалмаған хабарламаларға байланысты болды. Кезең талап қою мерзімі аясында таңдалды. Сондықтан жүйе автоматты түрде алдыңғы кезеңдер бойынша қарызы бар борышкерлерді қамтып өтті. Міндет 1 қаңтардан бастап барлық берешегі барларды анықтау еді. Мұнда әдістемелік те, техникалық та қате кеткен болуы мүмкін. Бірақ бір тәулік ішінде бұл мәселені шештік”, – деді Ержан Біржанов.
Ол министрлік атынан бизнес өкілдерінен кешірім сұрады.
“Осы оқиғадан кейін бизнес процестерді қайта қарадық, енді бірнеше бақылау сүзгісін енгіземіз. Бұл жағдайды теріс тәжірибе ретінде сараладық. Мұндай жағдай енді қайталанбайды деп ойлаймын. Тағы да қайталап айтамын, бұл жаңа жүйелерді жаңарту аясында болды. Осындай жағдай орын алғаны үшін тағы да кешірім сұраймын. Біз өз тарапымыздан барлық қажет шараны қабылдадық”, – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 6-30 сәуір аралығында борышкерлердің жалақы, зейнетақы, алимент және жәрдемақы түсетін шоттарынан бұғатты шешу акциясы басталғаны туралы жазған едік.
"Өлтіруге болады дегенге балалардың еті үйреніп кетпеуі керек": Зообелсенділер бұралқы иттерді өлтіру туралы заңға қарсы шықты
Оқыңыз