Шымкент зоопаркінде бала қояндардың қоршауына кіріп, жануарларды қуалаған

Шымкент зоопаркіндегі жануарларға қатысты тағы бір жағымсыз оқиға қоғамның наразылығын тудырды. Осы жолы келушілердің бірі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып, кішкентай баласын қояндардың вольеріне кіргізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент зоопаркіде тағы да жануарларға дұрыс қарамау фактісі тіркелді. Осы жолы шабуылға қояндар ұшырады. Ескерту тақтайшаларын елемей, қоршаудан өтпеу керек екенін, әсіресе, ашық вольерге кіруге болмайтынын ескерусіз қалдырған келушілердің бірі өз ұлын ішке кіргізген.
Бала вольер ішінде жүгіріп, қорқып тұрған қояндарды қуалап, ұстап әбігерге салған. Ал анасы осы жағдайды қызық көріп, видеоға түсіріп тұрған.
Бұл "ойыннан" анасы мен баласы көңіл көтергенімен, қояндар қатты күйзеліске түскен. Жағдайға зоопарктің күзет қызметі араласты.
Анасы мен баласына зоопаркте өзін ұстау ережелері түсіндірілді. Жануарларды мазалауға, оларға стресс тудыруға, әсіресе вольерге кіруге қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Сонымен қатар мұндай әрекеттер балалардың өзі үшін де қауіпті екені айтылды.
Айта кетейік, былтыр мамыр айында 17 жастағы жасөспірім Шымкент зоопаркіде түйеқұстардың вольеріне кіріп кеткен еді. Ол құстарды қуалап, бірін теуіп жіберген. Осылайша, әкімшілік іс қозғалып, ата-анасына айыппұл салынған.
Еске салайық, бұған дейін Семейдегі балалар биологиялық орталығында келушілердің арыстандарға тас лақтырғаны қоғамда наразылық тудырды. Семей қаласындағы балаларға арналған биологиялық орталықта торда отырған арыстандарға ересек келушілер тас лақтырған. Ең алаңдатарлығы, олардың жанында сол сәтте балалар да болған. Орталық әкімшілігінің мәліметінше, соңғы уақытта келушілердің, әсіресе ересектердің, жануарларға тас, таяқ және басқа да заттарды лақтыру деректері жиілеген.
"Өлтіруге болады дегенге балалардың еті үйреніп кетпеуі керек": Зообелсенділер бұралқы иттерді өлтіру туралы заңға қарсы шықты
