"Жалақым үш есе қысқарып, федерация мүлдем айлық бермеді": Шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады

Белгілі шахматшы Бибісара Асаубаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұрады. Гроссмейстер қаржылай қиындықтарға тап болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен – шахматтан халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаевамын. Қазір әйел шахматшылардың әлемдік рейтингінде бесінші орындамын. Әлемнің көп елдерін бағындырдым, алдымда тек Қытайдың өкілдері ғана тұр. Мемлекет басшысы болғасын сізге көмек сұрап жүгініп отырмын. Жуырда ең беделді жарыстардың бірі – Norway Chess 2026 турнирі аяқталды. Мен жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым. Осы маңызды турнирге дайындықты өзімнің жүлде қорынан алған қаражат пен ата-анамның қаржысына өткіздім. Ал бұл турнирде менімен жұмыс істеген секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысын әлі күнге дейін төлей алмай келемін”, – дейді Бибісара.
Шахматшы ел абыройы үшін жасаған еңбегінің бағаланбай жатқанын айтып, шағымданды.
"Өзіңіз айтқандай, құрметті президент, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Медальдардың артында орасан еңбек, денсаулық және төзім жатыр. Барлық қиындыққа қарамастан, спортшы ретінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің абыройын асқақтатып келемін. Алайда жылдан жылға қиындықтарға тап болып жүрмін. Спорт министрлігімен өзара жұмыс істеу барған сайын қиындап барады. Шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін Спорт министрлігі небәрі 2 мың доллар сыйақысы берді. Ал Олимпиада медалі үшін берілетін сыйақы – 250 мың доллар. Қазақстанда менен басқа әйелдер мен ерлер арасында әлем чемпионы жоқ! 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімді жеңіп алғаннан кейін Спорт министрлігі желісі бойынша ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Алайда Мырзабосынов министр болып келгеннен кейін, 2025 жылдан бастап жалақым үш есе қысқартылды. Ал Қазақстан шахмат федерациясы маған ешқашан жалақы төленген емес", – деп шағымын жеткізді гроссмейстер.
Бибісара қаржы жетіспей жүргендіктен маңызды жарысқа секунданттарын апара алмағанын да айтты.
"2026 жылдың қарсаңында мен блиц шахматтан әлем чемпионатының алтын медалін үшінші рет жеңіп алдым. Бұл маған шахматтағы ең маңызды классикалық жарыстардың бірі – әлемдік тәжге үміткерлер турниріне қатысу құқығын берді. Алайда осы жетістікке қарамастан, Спорт министрлігі жалақымды көтерген жоқ. Қаңтар айында жаттықтырушыммен бірге министрмен кездестік. Федерация бөлген қаражаттың жеткіліксіз екенін түсіндіріп, көмек сұрадық. Министр бізге "Sport Qory" қолдау қоры арқылы жүз пайыз көмектесетінін айтып, уәде берді. Біз қорға өтінім тапсырдық, алайда қаражаттың бір бөлігі ғана бөлінді. Салдарынан секунданттарым қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Осындай маңызды жарысқа өзімен бірге секунданттарын апара алмаған жалғыз шахматшы мен болдым. Соған қарамастан турнирде екінші орын иелендім. Кейін министрдің нұсқауымен қорға екінші рет өтінім бердік. Спорт вице-министрі Жараспаев WhatsApp арқылы ресми түрде қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде менің өтінімімді мақұлдау туралы қорытындыға қол қойғанын айтты. Алайда біраз уақыттан кейін қор басшысы Е.Ауғанбаев ешқандай себепті атап көрсетпестен өтінімімнен бас тартты”, – делінген үндеуде.
ОқыңызШахматшы қаражат мәселесін көтеріп мемлекет басшысына бірнеше рет хат жолдаған. Алайда ешқандай жауап болмаған.
"Сіздің атыңыздан 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлықпен маған ІІ дәрежелі "Барыс" ордені берілді. Спорт министрлігінің шақыруымен орденді алу үшін Астанаға үш рет ұшып бардым. Алайда әр жолы министрліктің бастамасымен сапарым кейінге шегерілді. Осы уақытқа дейін орденді алған жоқпын. Біз сәуір және мамыр айларында-ақ E-Өтініш арқылы сіздің атыңызға үш хат жолдадық, бірақ әлі күнге дейін жауап келген жоқ. Сондай-ақ олардың көшірмесін WhatsApp арқылы министрге де жібердік. Тағы да үнсіздік… Алда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мен не істеуім керек, құрметті президент?" – дейді Асаубаева.
Ол бұл сөздерін видеоға жазған жарияланымында да қайталаған.
Бұған дейін шахматшының анасы Шахмат федерацмясының Бибісараны қаржыландырудан және оның жобасын қолдаудан бас тартқаны туралы айтқан еді.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді