Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғыны көлігінде ас үй пышағы мен шампур болғаны үшін тергеу изоляторына түскен

полиция ұстады
Фото: ЖИ

Алматылық тұрғын полицейлердің көліктен өткір заттар бар-жоғын тексергеніне наразы. Сөзінше, көлігінде ас үй пышағы жатқаны үшін оны тергеу изоляторына алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғыны Евгений Майёровты 13 мамырда полиция жасағы Алматыға кірер жолда тоқтатып, құжаттарын тексерген. Ол мұны Threads-желісінде жазды. 

“Жүксалғышты ашуымды сұрады. Олар алғашқы медициналық көмек жинағын, өрт сөндіргіш немесе жарық шағылыстыратын жилет сұрайды деп ойладым, бірақ жоқ! Онда ас үй пышағы мен бірнеше шампур болған еді. Полицейлер заңсыз нәрсе тапқандай, оны видеоға түсірді. Бірнеше сұрақ қойып, Макаров тапаншасы немесе Калашников автоматы сияқты басқа тыйым салынған заттар туралы сұрады. Мен ешкімге қоңырау шалмадым, әрі қарай не болатынын білгім келді”, – деді алматылық азамат.
Евгений Майеров
Фото: Скриншот

Сөзінше, одан басқа жүргізушілерді де дәл солай тоқтатып, тексерген. Содан кейін Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне түсініктеме жазу үшін баруларын сұрап, бұл тез процедура деген.

“Ғимаратқа кірген бойда барлық жеке заттарымызды қалдыруды сұрады, сақтау орны болған жоқ, барлық ұсталғандардың заттарымен бірге үйіліп тұрады. Содан кейін олар мені уақытша ұстау изоляторына қамады, онда мен кем дегенде екі сағат бойы түсініктеме жазу үшін кезекте тұрдым. Әртүрлі адамдар болды, ерлер мен әйелдерді де бір бөлмеге қамады. Ал бағынбағандар жабық камераларда ұсталды. Көпшілігі пышақ алып жүргені үшін ұсталды”, – деді ол.

Айтуынша, көпшілігінде ықшам жиналмалы пышақтар болды. Сол үшін далалыққа, табиғат аясына шығатындарға пышақтарын жасырып қоюға кеңес берді. 

Осы жайтқа қатысты Stan.kz тілшісі полиция департаментінен ас үй пышағы мен шампурды көлікте тасымалдау қаншалықты заңды не заңсыз екенін сұрады. Алматы полиция департаменті расымен профилактикалық іс-шаралар өтіп, тексеріс болғанын растады.

“Тексеру кезінде көлік салонынан пышаққа ұқсас зат табылған. Аталған заттың құқықтық мәртебесін анықтау үшін сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат тұрмыстық мақсатта қолданылатын ас үй пышағы, ол суық қару ретінде танылмайды. Осыған байланысты заңнама талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданды”, – делінген жауапта.
Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 16:36