Қазақстанда 1 шілдеден бастап кальян шегуге рұқсат беріле ме? Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Қазір Қазақстанда кальян тартатын орындардың қызметін заңдастыруға қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елімізде қоғамдық орындарда кальян шегуге 2013 жылдан бері тыйым салынған. Алайда соған қарамастан келушілерге кальян ұсынатын көптеген мекеме жұмысын жалғастырып келеді.
Қаржы министрі Мәди Такиев қорқор тартатын орындарды заңдастырып, олардан салық жинау тиімді болатынын айтты. Оның пікірінше, қазір мұндай орындардың көбі көлеңкелі түрде жұмыс істеп, мемлекет қазынасына пайда әкелмей отыр. Министрдің мәліметінше, Қазақстан бойынша шамамен 22 мың қорқор тартатын орын жұмыс істейді.
Әлеуметтік желідегі Threads платформасында 1 шілдеден бастап Қазақстанда кафе мен мейрамханаларда қорқор шегуге ресми түрде рұқсат беріледі деген ақпарат тарады. Хабарлама желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
"Халық, осы күннің ең жақсы жаңалығы! "Атамекендегі" досымның айтуынша, 1 шілдеден бастап Қазақстанда кафе мен мейрамханаларда кальян шегуге ресми түрде рұқсат беріледі екен. Ендеше, кальян сүйер қауым, жақын арада мекемелерде ешқандай артық сұрақсыз әрі тексеріссіз еркін отырып кальян шегетін күндер қайта келетін сияқты", "Онсыз да бәрі тыныш қана кальян шегіп жүр ғой", "Лицензия қанша тұрар екен? Жыл соңына қарай бір жылдық лицензияны 1 миллион теңге қылып қояды да, бес ай үшін сол ақшаны төлеуге тура келеді", "Бізге айыппұл салды. Қызығы сол, олар қарапайым келушілер сияқты күнделікті киіммен кіреді де, байқатпай суретке түсіріп, полиция шақырады. Сосын суретті көрсетіп, айыппұл салады", – делінген оқырмандар жазбасында.
Алайда денсаулық сақтау министрлігі мәселеге қатысты түпкілікті шешім қабылданбағанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қорқор қызметін реттеу мәселесі қазір мемлекеттік органдар деңгейінде талқыланып жатыр. Әртүрлі тәсілдер, оның ішінде жауапкершілікті күшейту және құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қарастырылып жатыр.
Министрлік халық денсаулығын қорғау мен темекіге қарсы саясатты сақтауды басты басымдық ретінде ұстанатынын атап өтті. Сондықтан қорқорларға қатысты соңғы шешім барлық келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін ғана қабылданады.
Қазір Қазақстанда кафе мен мейрамханаларда темекі және кальян шегуге тыйым салынған. Талапты бұзғандарға 15 айлық есептік көрсеткіш немесе 64 875 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарында кальян шегуге 2013 жылдан бері тыйым салынған. Кейін бұл шектеу күшейтіліп, қоғамдық орындарда кальян пайдалануға толықтай тыйым енгізілді. Алайда тәжірибеде көптеген дәмхана мен мейрамханаларда кальян шегу жалғасып келеді.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз