Ішімдік алып демалысқа шыққан тараздық 20 студентті полиция ұстап алды

Жамбыл облысында ішімдік алып демалысқа шыққан 20-ға жуық студент үйіне қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Меркі ауданында болған. Полицейлер демалыс орталығына бара жатқан көлікті тоқтатып, ішінде Тараз қаласындағы "Болашақ" колледжінің студенттері отырғанын анықтаған. Жасөспірімдердің басым бөлігі кәмелет жасына толмаған.
Тексеру барысында студенттердің ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жолға шыққаны белгілі болды. Сонымен қатар олардың жанынан алкогольдік ішімдіктер табылған.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Ал студенттер оқу орнына жеткізілді. Қазіргі уақытта жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін кімнің сатқанын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова ата-аналардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Жасөспірімдердің деректері жиналып, оқу орнына жіберілді. Балалардың заңды өкілдерімен қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді", – деді ведомство өкілі.
Еске салайық, бұған дейін қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Алматы облысының Долан ауылында болған. Мектеп бітіру кешін атап өту үшін коттеджге жиналған түлектер арасында жанжал шығып, 11-сынып оқушысы Әліби кеуде тұсынан шампур жарақатын алған. Куәгерлердің айтуынша, ол жанжал кезінде қызға араша түспек болған. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Кейін күдікті ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған еді.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз