Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бибісара Асаубаева FIDE әлемдік рейтингінде көш бастады

Бибісара Асаубаева
Фото: Michal Walusza / Norway Chess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева FIDE Circuit әйелдер рейтингісінде бірінші орынға шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Халықаралық шахмат федерациясы Norway Chess турнирі аяқталғаннан кейін жаңартылған рейтингті Instagram парақшасында жариялады. Жаңа тізімде Бибісара Асаубаева 51,30 ұпаймен көш басында тұр.

Қазақстандық шахматшының рейтингтегі орнын жақсартуына Норвегияда өткен беделді турнирдегі жеңісі әсер етті.

Екінші орынға 39,83 ұпай жинаған қытайлық Чжу Цзиньэр жайғасты. Үздік үштікті 29,70 ұпаймен үндістандық Вайшали Рамешбабу түйіндеді.

Ал ерлер арасындағы FIDE Circuit рейтингінде өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов әлі де бірінші орында тұр. Екінші сатыда оның отандасы Жавохир Синдаров, үшінші орында америкалық Фабиано Каруана орналасқан.

Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева Norway Chess 2026 турнирін мерзімінен бұрын жеңіп алғаны хабарланған еді. 

Тоғызыншы раундта қазақстандық шахматшы турнир кестесінде көш бастаған еді. Ол ерте жеңіске жету үшін ең жақын қарсыласы, украиналық Анна Музычукті жеңіп, бір ұпай жинауы керек болды. Асаубаева мен Музычук арасындағы классикалық шахмат ойыны ақыры тең аяқталды, ал Музычук Армагеддон матчында жеңіске жетті. Дегенмен қазақстандық шахматшы қажет бір ұпайды жинап, чемпион атанды. Бірінші орын үшін Асаубаева 700 000 норвегиялық крон немесе шамамен 35,5 миллион теңге алады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 23:14