Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахмат федерациясы айыптаулардан кейін Асаубаеваға берілген рекордтық төлемдерді жариялады

Бибісара Асаубаева Тимур Турлов қаржы
Фото: instagram.com/bibisarachess/timurturlov

Қазақстан шахмат федерациясы Offside.kz басылымына Бибісара Асаубаеваға берілген қаржы төңірегіндегі жағдайға қатысты төлемдер көлемі мен жүйенің дамуы туралы деректер келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бибісараның анасы Лиана Таңжарықова шахмат федерациясы шахматшыны қаржыландырып, оның жобасын қолдаудан бас тартқаны туралы айтқан еді. Лиана Таңжарықова Бибісараның қаржылай қолдау алуы үшін федерацияға басшы болып келген Тимур Турловқа нақты ұсыныс ретінде 4 жылдық жоспар мен толық қаржылық есеп дайындаған. Тіпті, шахмат тәжін жеңе алмаса, қаражатты қайтаратынын айтқан. Кейін Тимур Турлов шахматшымен Лондонда кездесіп, барлық қаражаттың компанияға тиесілі екенін айтып, жобаны қолдаудан бас тартқан. 

Осы мәлімдемеден кейін шахмат федерациясы ресми жауап берді. Федерация жүйенің кең ауқымды қатысушыларды қамтитынын және бір ғана қаржы көзі арқылы қаржыландырылатынын мәлімдеді.

"Бүгінде Қазақстандағы шахмат – республика бойынша барлық өңірлерді қамтитын ауқымды экожүйе. Оған он мыңдаған балалар, ата-аналар, жаттықтырушылар, педагогтар, кәсіби шахматшылар мен әуесқойлар қатысады. Жалғыз демеуші – Freedom Holding Corp. ресурстарына сүйене отырып, федерация бірқатар бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – дарынды спортшыларға атаулы қаржылық қолдау көрсету, ұлттық құрамаларды дайындау, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, шахмат инфрақұрылымын жаңғырту, өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстар ұйымдастыру, мектеп шахматын дамыту және тағы басқа бағыттар", – делінген жауапта.

Федерацияда сондай-ақ турнирлер мен нәтижелер бойынша статистика келтірілді.

Республика бойынша жыл сайынғы турнирлер саны 2023 жылы шамамен 1,5 мыңнан 2025 жылы 3,8 мыңнан астамға дейін өскен. Елде FIDE аясындағы жетекші чемпионаттар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың қатарында 2024 жылы Астанада өткен рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты, сондай-ақ 2025 жылы Алматыда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар халықаралық турнирлерден 162 медаль жеңіп алған, оның ішінде 64-і алтын. Бұл — еліміздің тәуелсіздік тарихындағы рекорд екенін атап өтті федерация.

Шахмат федерациясының мәліметінше, спортшылардың арасында Бибісараға ең көп мөлшерде қаржылық қолдау көрсетіледі. 

"Қазір федерацияның жылдық бюджеті 5 миллиард теңгеден асады. Қаржыландыру тек – Freedom Holding Corp. арқылы жүзеге асырылады. Барлық спортшылардың ішінде ең үлкен қаржылық қолдауды Бибісара Асаубаева алады. 2023-2026 жылдар аралығында шахматшыға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 388 миллион теңге. Тікелей гранттар мен сыйақылар ретінде 2023 жылы – 95 миллион теңге және сыйақы 28 миллион теңге, 2024 жылы – 70 миллион теңге және сыйақы 20 миллион теңге, 2025 жылы – 70 миллион теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш ұлттық құраманың басқа жетекші ойыншылары алған қаржыландыру көлемінен (шамамен 50-70 миллион теңге) орта есеппен 3-5 есе жоғары", — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ шахмат федерациясы грант көлемін де нақтылады. 

"Айта кету керек, 2026 жылы жалпы көлемі 105 миллион теңге бөлінді, “Алтын пакет” мөлшері 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, Қазақстан шахмат федерациясы президентінің гранты – 40 миллион теңге. Барлығы 80 млн теңге. 2025 жылдың желтоқсанында блиц бойынша әлем чемпионатындағы жеңісі үшін спортшыға 25 миллион теңге сыйақы берілді, сондай-ақ турнир қорытындысы бойынша жеке жаттықтырушысына 10 миллион теңге төленген", – деп мәлімдеді федерация.

Федерация жауабында төлемнің спортшының жеткен нәтижелері үшін берілетіні көрсетілген. 

"Сонымен қатар Бибісара Асаубаева көрсетілген кезеңде нақты спорттық жетістіктері үшін, яғни әлем чемпионаттарындағы, Азия ойындарындағы және FIDE командалық турнирлеріндегі жүлделі орындарына байланысты барлық сыйақыны толық көлемде жеке өзі алып отыр. Бұл – қазақстандық шахмат тарихындағы абсолютті рекорд әрі ерекше жағдай. Спортшы тұрақты түрде өзге де көздерден демеушілік қолдау алады, оның ішінде "Sport Qory" корпоративтік қоры да бар", — делінген хабарламада.

Федерацияның бұл жауабынан кейін Лиана Таңжарықова шахматшының 2023 жылдан 2026 жылға дейін шын мәнінде қанша қаржы алып келгенін есептеп, жария етті. 

“Бүгін блогерлердің Бибісараға Қазақстан шахматының көшбасшысы ретінде бөлінген қаржы туралы жазбаларын көргеннен кейін сіздерге түсіндіріп өткім келеді. Кейбіреулер соңғы төрт жылда Бибісара Асаубаеваға 847 мың доллар бөлінді деп айтып жатыр. Бұл – гранттар мен сыйақылар. Сондай-ақ Бибісараның федерациядан жалақы алмайтынын ескеру керек. Енді нақты сандарға тоқталайық. Жалпы сома – 388 миллион теңге. Оның ішінде төрт жылдағы гранттар – 315 миллион теңге, ал сыйақылар – 73 миллион теңге. Айта кету керек, гранттар спортшының өзіне берілмейді. Олар федерация тарапынан жаттықтырушыларға тікелей төленеді. Яғни, есеп бөлімі қаражатты жаттықтырушыларға аударады және ол салықтарды шегеріп төлейді. Салық төлегеннен кейінгі гранттардың көлемі төрт жылда шамамен 220 миллион теңге болса, сыйақылар – 58 миллион теңгеге түсті. Осылайша, төрт жылдағы салықты алып тастағаннан кейінгі жалпы сома – 278 миллион теңге”, – дейді Бибісараның анасы.

Сондай-ақ ол осы кезеңде жаттықтырушыларға шамамен 465 миллон теңге қаражат төленгенін айтты.

“Төрт жылға шаққанда жаттықтырушыларға бөлінген қаржы көлемі – 465 115 000 теңге, яғни жылына шамамен осы деңгейде. Ал сыйақылар төрт жылда 122 миллион теңге болды. Төрт жыл ішінде жалақы жоқ, тек бірінші орын алған жағдайда ғана сыйақы беріледі. Енді федерация басқа құраманың мүшелеріне қанша қаржы бөлінетінін көрсеткеннен кейін, бәлкім, осы себептен әйелдер және ерлер құрамасының өзге мүшелері жоғары нәтижелерге жете алмай жүрген шығар деген ой туындайды. Төрт жыл ішінде федерациядан жұмсалған 30 миллион доллардың қайда кетті? Бұл – Федерацияға қойылатын сұрақ. Жауабын күтемін”, – деді Лиана Таңжарықова.

Еске салайық, Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдумәлік арасында де келіспеушілік туындаған еді. 

Дау 2023 жылдың наурызында әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-при кезеңінде туындаған. Әбдімәлік жарысты ұйымдастыру деңгейінің төмендігін (әуежайда қарсы алу, тұру жағдайы) алға тартып, қатысудан бас тартқан. Оны неміс шахматшысы Элизабет Петц те қолдаған.

Сол кезде Бибісара Асаубаева әріптесінің әрекетін спорттық емес деп бағалаған. Кейін ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович ұйымдастырудағы кемшіліктерді мойындап, қатысушылардан кешірім сұрады. Турнир жалғасып, Асаубаева 1-3 орындарды бөлісті. 

Алайда Жансая Әбдімәлік ол жеке турнир болғандықтан, ол ешкімнің алдында жауапты емес екенін айтты.

"Мен турнирден бас тарттым, Бибісараның неге наразы екенін түсінбеймін. Бұл жеке жарыс, мен ешкімді қиын жағдайға қалдырған жоқпын. Бар жауапкершілікті өзім аламын. Мені шақыра ма, шақырмай ма, ол да өз еркім. Негізі, мұның оған мүлде қатысы жоқ. “Ойнағың келсе – ойна”. Егер командалық жарыс болса, әрине, ел үшін, команда үшін ойнайтын едім", – деді шахматшы.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 08:10