"Ұялдым": Тамара Асар жүктілігін жасыруының себебін айтты
Өткен демалыста қызын қырқынан шығарып, дүркіретіп той жасаған Тамара Асар жеке өміріндегі жағымды өзгерістерге байланысты "Таңшолпан" бағдарламасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тамара жары Жұмашпен ақылдасып, қызының есімін Ажар деп қойды. Кішкентай нәрестені әкесі 40 күнге дейін ешкімге көрсетпеді. Тіпті перзентхананың алдына жиналып, шығаруға келген қонақтардан бет-жүзін жасырып қалған.
"Адамның бұл дүниеде ажары ашық, айқын, ішкі де, сыртқы ажары бір-біріне сай болу керек. Ең қызығы, марқұм енем өзінің жалғыз қызы Әселдің есімін Ажар қойғысы келген.
Біз оны білмедік. Есімін қойғаннан кейін, Әсел бізге телефон шалып: "Кім қойды? Менің атым ғой", – деді. Құдайдың бұйырысымен солай болды. Өзімізге ұнайды", – дейді Тамара Асар.
Әнші тұрмысқа шыққанын да, бала күтіп жүргенін де соңғы сәтке дейін жасырып келді. Бір қызығы, соған қарамастан, концерттерге қатысып, елдің алдына шыққан.
"Өзімнен өзім қорықтым. Себебі біз шығармашылықтың, эмоцияның адамымыз. Қатты толқып, бір жерде зақым келтіріп аламын ба деп қатты қорықтым. Жас ерекшілігіме байланысты өзіме үлкен талап қойдым. Сосын қазақылығым басым ғой, ұялдым.
Тұрмысқа шыққанымды да хабарламағаннан кейін, қалай болар екен деп... Карантиннің кезі болғаннан кейін анам да: "Кейін айта жатарсың, әуелі жақсылықты өздерің көріп алыңдар", – дегеннен кейін шығармадық. Бірақ оны қалай жасырасың? Уақыт жақындағаннан кейін, жайлап сандықтың аузын аштық", – деп жан сырын ақтарды әнші.
Әнші қазіргі уақытта жас келіншектердің бала емізуден қашатыны туралы сөз қозғады. Ол мұның үлкен мәселе екенін алға тартып, шамасы келгенше қызына ана сүтін беретінін жеткізді.
"Емізу үшін бап керек. Әзірге өзімді баптаймын. Қамбар 4 жасқа дейін емген", – деді өнер иесі.
Әншінің ұлы мен қызының арасы 20 жас. Ал Ажар – Қамбардың көптен күткен қарындасы екен.
"Қамбардың бұрыннан арман-тілегі еді. "Біз неге көбеймейміз? Қашан қарындасым болады?" деп айтатын. Реті осы жолы келді", – деді әнші.
Жақында ғана босанса да, шығармашылыққа белсене кіріскен Тамара Асар қызына арнап ән жаздырып үлгерген.
"Ел болам десең, бесігіңді түзе" дейді. Мен өзіме бір сөз айтқам. Қандай керемет болсам да, қандай шыңның басына шықсам да, бір ер адамның көңілін таппасам, өмірге артықтау қылып бала әкелмесем, мен қандай жақсы әйел болармын? Осы қағидамен өмір сүріп жатырмын", – деді Тамара Асар.
Айта кетейік, әнші өнердегі достары мен жақындарының басын қосып, той жасаған еді.