Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы 6 жылға сотталды

Жезқазған қалалық соты облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омарға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Сот процесі ашық форматта өткізіліп, облыстағы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының мемлекеттік сарапшылары онлайн режимде қосылды.

Жоғарғы соттың мәліметіне сенсек, ол мұражай мамандары мен басқа да ғалымдардың мақалалар жинағын шығару бойынша орындалмаған жұмыстары үшін заңсыз аудару арқылы 2,3 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

"Омар бұрын Жезқазған қалалық сотының 2024 жылғы 12 наурыздағы үкімімен пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғандықтан, Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3,6 бөліктеріне сәйкес (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау), қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы Әнуар Омарға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түпкілікті жазасы тағайындалды", – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін "Балқаш Жылу" ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және бас бухгалтері бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотталғанын жаздық. Сотталғандар 2020 жылғы маусым мен 2023 жылғы қаңтар аралығында Балқашты жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және жұмысын үздіксіз қамтамасыз  етуге арналған бюджет қаражатын іс жүзінде қандай да бір азаматтық-құқықтық мәмілелер жасалмаған жалған кәсіпорындардың шоттарына негізсіз аудару жолымен ұрлаған.

Талқылау