Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлын балтамен шауып өлтірген: Түркістан облысында жантүршігерлік қылмыс жасаған ер адам сотталды

Түркістан облысында ер адам алты жасар баласын балтамен ұрып өлтіргені туралы жантүршігерлік оқиға елді дүр сілкіндірген еді. Ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BaigeNews.kz басылымына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі.

КТК арнасы сюжетінен кадр

"Сот тергеуімен анықталғандай, 2022 жылдың 4 наурызында Сайрам ауданында 1974 жылы туған сотталушы отын жинаймын деген желеумен 2016 жылы туған ұлын үйінің алдындағы тоғайға алып кеткен. Куәгерлердің жоқтығын пайдаланып, сотталушы оң қолындағы темір балтаның жалпақ жағымен жәбірленушінің сол жақ самай сүйегінен бір рет ұрған. Содан соң марқұмның денесін алып, мойын жағынан темір балтамен бірнеше рет ұрып, оның басын шауып алған", – деп хабарлады Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі.

Сот барысында әкесінің кінәсі толық дәлелденді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамды өлтіру" бойынша кінәлі деп танылды.



"Сотталушының кінәсі сот сараптамасының қорытындысымен, (қасақана ой, есі дұрыс) жәбірленушілердің қылмыстық іс бойынша басқа да дәлелдермен сәйкес келетін жауаптарымен және сотталушының мойындауымен расталды. Қылмыстық жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар: сотталушының бұрын соттылығы жоқ, шын жүректен өкінуі жеңілдететін мән-жайларға жатқызылған, қылмыс жасауды ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ", –  деп атап өтті сотта.

Прокурор соттан айыпталушыны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтеу үшін 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот прокурормен келісті.

"Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қатысты үкім шығарылды.

Қылмыстық-атқару жүйесінің қатаң режимдегі мекемесінде жазасын өтеумен 15 жыл бас бостандығынан айыру, 10 жылға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", – деді сот.

Сот үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қылмыскер өз әрекетін қаржылық қиындықтармен түсіндірді, марқұм ұлынан бөлек тағы төрт баласы бар көрінеді. Бір қызығы, отбасы әкесінің қорқынышты жоспары туралы білген.

Талқылау