Соңғы жаңалықтар

Ұлым маған 8 беттік хат жазыпты: "Рыжий Алмаздың" әкесі бар шындықты айтты

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, экономист Болатбек Нәсенов көлемді сұхбат берді. Болатбек Нәсеновті ел тарихшы ретінде танығанымен, оның қылмыс әлемінің серкесі атанған "Рыжий Алмаздың" әкесі екенін ешкім біле бермейді. Болатбек Нәсенов ұлының өмірі мен қарым-қатынасы жайлы баяндады. 

Бұл туралы  You tube арнасының "Азаматтық пікір" бағдарламасында айтылды. 

Ел арасында қылмыс әлемінің серкесі "Рыжий Алмаз" атанған Несіпбай Нәсенов өмірі жайлы түрлі әңгіме тараған. Бірі оның қылмысын айтса, бірі ақтап әлек. Несіпбайдың ұлты қазақ емес, қырғыз дейтіндер де бар. Несіпбайдың туған жері, ұлты мен әйелдері жөнінде әкесі алғаш рет тіл қатты. 

"Несіпбай 1961 жылы наурыздың 24 күні Семейде өмірге келді. Қырқынан шыққан уақытта анасы екеуміз ажырасып кеттік. Оның себебен айтпай-ақ қояйын. Сосын анасы Несіпбайды алып Қырғызстанға кетті. Мен ұлымды қатты жақсы көрдім. Артынан іздеп баратынмын. Анасы маған ұлымды көрсетпеді. Полицияға арыз жазды. Кейін құқық қорғау органындағылар "Әйеліңіздің туыстары лауазымды адамдар. Сізді соттап жібереді. Ұлыңызға көп келмеңіз. Ұлыңыз өзі сізді іздеп табады" деді. Мен оған баруымды ақырындап тоқтаттым. Аптасына, айына бір рет бардым. 4 жылдан соң үйлендім. Асқан, Асан, Айгүл есімді үш балам өмірге келді", - деді Болатбек Нәсенов.

Айтуынша, екінші рет үйленген соң Несіпбаймен де, оны анасымен араласуын тоқтатқан. Кейін ұлы істі болған соң анасы амалсыз көмек сұрапты. 

"Маған бұрынғы әйелім хабарласып, ақша сұрады. Несіпбайдың сотталып кеткенін айтты. Оның үстіне туберкулезбен ауыратынын айтты. Менің ол кезде Мәскеуде таныстарым болатын. Сол жақта сотталыпты. Соларға хабарластым. Олар ұлыммен танысып, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін айтты. "Черный" деген командаға кіргенін айтты. Туберкулез ауруына шалдыққан екен. Мені білген соң 7-8 беттік хат жазды. Ұлымның хатын оқығанда жазушы жазғандай таңғалдым. Қиялы да бар еді. Өгей әкесінен көрген қорлығын айтты. Далада түнегенін айтты. Анасы әкең өмірден өткен депті. "Сіздің тірі екеніңізді білгенде баяғыда келетін едім" деп ақталды. Енді маған келгісі келетінін айтты. Мен әйеліммен, балаларыммен ақылдаса отырып, оны өзіме шақырдым", - деді әкесі. 


Желіде “Рыжий Алмаздың” жұрт білмеген өнерін паш еткен видео пайда болды (видео)


Осыдан соң әкесі ұлын ауруханаға жатқызып, 8 ай емдейді. Аурудан құлан таза айыққан соң ұлын жұмысқа орналастырады. 

"Ол жұмысты беріліп істеді. Ол қылмыс жасаған жоқ. Оны басшылары бәрі жақсы көрді. Маған хабарласып, осындай ұлың барын неге айтпадың дегендер болды. Ол қылмыспен айналысқан жоқ. Бизнесті түсінбегендер қылмыс деп атайды. Ол нағыз батыр. Оның қазаққа пайдасы ғана тиді. Оның "Рыжий Алмаз" деген аты барын да тірі күнінде білмедім", - деді тарихшы. 

Ұлының тірі күнінде әкесін танып, құрметтеушілер болған. 

"Бірде Ақтөбеге көлікпен келе жатсам, жол полицейлері тоқтатты. Ақша дәметті. Кітабымды көрсетіп едім менің кім екенімді білді. "Алмаздың" әкесі деп бірден жіберді. Шымкентте де сондай жағдай болды. Ұлымның сондай лақап аты бар екенін сонда білдім. Ұлымды қалай таниды деп таңғалдым", - деп ақталды әкесі.

Ал жастардың соншалық жақсы көретінін, көп жақтасы барын, достары көбін ұлы қайтыс болғанда білген. 

"Ұлымды жаманатты қылған Рахат Әлиев. Соның адамдары. Тіпті ұлым өлгенде де денесін көмуге кедергі болды. Анамның қасына жерлемек едім. Оған рұқсат етпеді. Боралдайға жерленсін деді. Басқа жақты айтты. Кейін Бағанашылға жерледік. КНБ-ның адамдарына тосқауыл болып, достары зиратқа жібермей қойды. Кейін мәйітті қорламасын деп бейіт басын бір ай күзетті. Алмаздың досымыз деп 5 мың адам жиналды. Ресейден, Беларусь елінен келген жесір әйелдер болды. Олардың бәріне ұлым тірі күнінде көмектескен екен", - деді Несіпбайдың әкесі.

Несіпбайдың әйелі Ситорадан туған 1996 жылғы ұлы бар. Басқа әйелдерден Гузель, Роксана атты екі қызы бар. Екі қыз да атасымен араласып, немересін әкеліп тұрады. Ал жалғыз ұлынан хабар жоқ. 

Ел аузында "Несіпбайдың анасы - қырғыз" деген әңгіме жиі айтылады. Алайда Болатбек Нәсенов оның қазақ екенін дәлелдеп берді. 

"Несіпбайдың анасы қазақ. Біздің ауылдың қазағы. Семей облысы Абыралы ауданында туған. Арғынның ішінде Қаракесек, оның ішінде Байбөрі, Есбалақтан тараған. 1928-31 жылдары кәмпескелеу кезінде Қордайдың ар жағына Қырғызстанға кеткен. Содан қырғыз деп көбі айтып жүр. Мені өмір бойы жек көрді. Кетіп қалды деп ренжіген шығар. Тіпті  ұлым қайтыс болғанда басына менің атымның жазылуына қарсы болды", - дейді Болатбек Нәсенов. 

"Менің Асқар есімді ұлым да сотталып кетті. Ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Жала жапты. Бұның бәрін жасап отырған Рахат Әлиевтің адамдары. Асқардың сағы сынбайды. Оның жігерін жасытпақ. Ол әлі ақталып шығады. Мен оны айыптағандардың кінәсін дәлелдеймін уақыты келгенде", - деді әкесі. 

Тарихшы екі ұлым да кінәсіз сотталды деп наразы. "Рыжий Алмаздың" да аты ақталып, нағыз батыр атанатынына сенеді. Ол туралы "Сары Алмаз" деген атпен кітап шығару ойында бар. Несіпбайдың қазаққа жасаған жақсылығын бәрі білу керек деп санайды тарихшы. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр