Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰБТ-ның алғашқы күнінде 160 талапкер тестілеуден шеттетілді

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні қалай өткені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ҰБТ

Биылғы жылы тестілеуден өту талаптары әлде қайда қатаң. Әр аудитория бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қатысушылар ережелерді ұстану міндеттемелерімен танысып, тыйым салынған заттардың жоқтығы туралы құжатқа қол қояды. Сонымен қатар, санитарлық талаптарды да орындаулары қажет. 

Осы ережелерді ескере отырып, ҰБТ-ның бірінші күні ойдағыдай аяқталған. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"Бүгін 6 206 адам ҰБТ нәтижелерін алады, оларға электронды сертификат беріледі. Бүгін 6 512 адам тестілеуден өтуді жоспарлаған. 144 талапкер ҰБТ-ға келмеді. 2 талапкерде жоғары температура анықталды, олар ҰБТ-ны басқа күні тапсырады. ҰБТ-ға қатысушыларды тәуелсіз сарапшылар қадағалады", - дейді білім және ғылым министрлігі. 

Министрлік тыйым салынған заттарды қолдануға жасалған әрекет тест нәтижелерін жарамсыз етеді, қатысушы аудиториядан шығарылып, осы жылы ҰБТ-ны қайта тапсыра алмайды деп ескертті. Бір күннің ішінде тәртіп бұзған 160 талапкер тестілеуден шеттетілген. 

"Алғашқы күннің қорытындысы бойынша: тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін 73 және ережелерді бұзғаны үшін 87 талапкер, яғни 160 адам тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Олардың басым көпшілігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген", - дейді министрлік.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталып, министр Асхат Аймағамбетов талапкерлерге сәттілік тілеген болатын

Сонымен қатар, дене қызуы бар Елордалық талапкер тест тапсыруға жіберілмегені белгілі болды

Талқылау