Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны мыңнан асты

Венесуэлада болған қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1450 адамға жетті. Елде осы аптада болған екі күшті жер сілкінісінен кейін жексенбі күні құтқару топтары үйінділер астында қалған тірі адамдарды іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters және La Patilla басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен аймақ – Ла-Гуайра штаты. Бұл өңірге шетелдік құтқару топтары да келді.
Ел астанасы Каракастан шамамен 40 шақырым солтүстікте орналасқан жағалаудағы штатта ондаған ғимарат опырылып, үйіндіге айналған.
"Қаза тапқандар саны 1450 адамға жеткенін өкінішпен хабарлаймыз.Олар еліміздің тарихындағы ең алапат табиғи апат салдарынан көз жұмды. Жер сілкінісінен 3150 адам жарақат алған, 12 721 тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған, ал 774 ғимарат толықтай қираған”, – деп мәлімдеді Президент міндетін атқарушы Дельси Родригес.
Жексенбі күні кешке Ұлттық ассамблея төрағасы әрі уақытша президенттің ағасы Хорхе Родригес құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, құтқарушылар уақыт оздырмай үйінді астында тірі қалған адамдарды табуға бар күшін салып жатыр.
Шетелдік құтқарушылар келгенге дейін қаза тапқандардың туыстары мен еріктілер бірнеше күн бойы үйінділер астынан тірі қалғандарды және қаза болғандардың мәйіттерін өз күштерімен іздеген. Кейін оларға 2600-ден астам шетелдік құтқарушы қосылды.
Үкіметтің мәліметінше, сенбі күні кешке дейін кемінде 33 адам, оның ішінде бірнеше бала құтқарылған. Алайда ондаған мың адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
“Магнитудасы 7,2 және 7,5 болған жер сілкіністері салдарынан 10 мыңнан астам адам қаза табуы мүмкін. Егер бұл болжам расталса, апат соңғы жүз жылдағы Латын Америкасындағы ең адам шығыны көп жер сілкіністерінің қатарына енеді”, – деп мәлімдеді АҚШ-тың Геологиялық қызметі.
Үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға берілген уақыт та аяқталып қалды.
ОқыңызШвейцариялық құтқару тобының жетекшісі Себастьян Эугстердің айтуынша, үйінді астында қалған адамдарды аман алып қалуға мүмкіндік беретін негізгі уақыт – шамамен 72 сағат.
Оның сөзінше, 80 адамнан құралған құтқару тобы сегіз із кесуші иттің көмегімен үйінді астынан бірнеше тірі адамды анықтаған. Алайда оларды дер кезінде шығарып үлгермегендіктен, құтқару мүмкін болмаған.
Сондай-ақ АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі сенбі күні алдағы тәулікте Венесуэлаға көмек ретінде жүздеген миллион доллар көлеміндегі жаңа қаржыландыру пакеті жарияланатынын мәлімдеді. Бұл бұған дейін Трамп әкімшілігі бөлген 150 миллион долларлық көмектен бөлек қаражат болмақ.
Еске салсақ, 24 маусым күні Венесуэлада араға бір минут салып екі қуатты жер сілкінісі болғаны туралы жазған едік. Алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,1 балл болса, небәрі бір минут өткенде магнитудасы 7,5 балла болатын екінші жер сілкінісі тіркелген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына және жарақат алуына байланысты Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айтты.