AAPL
174.15 $
-0.23 %
TSLA
908.61 $
-0.37 %
NDAQ
192.12 $
-0.86 %
GOOGL
120.17 $
0.52 %
FRHC
58.54 $
1.3 %
AAPL
174.15 $
-0.23 %
TSLA
908.61 $
-0.37 %
NDAQ
192.12 $
-0.86 %
GOOGL
120.17 $
0.52 %
FRHC
58.54 $
1.3 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үшке дейін санаймыз, қашып үлгермесең, атып тастаймыз деді": Қаңтар кезінде қатты азап көрген талдықорғандық жетім жігіт жәрдемге зәру

Ілияс Дүкенбаев – қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, қатты зәбір көрген жандардың бірі. 9 қаңтардан бастап 1 шілдеге дейін уақытша ұстау изоляторында отырып, ұзақ азап шеккен жетім жігітті Талдықорған қалалық соты 4,5 жылға шартты жазамен соттайды. Түрмеде екі аяғы сынып, өте ауыр дене жарақаттарын алған Ілияс бостандыққа шыққан соң өзінің ауыр дертке шалдыққанын біледі. Қиын күндерден кейін денсаулығынан айырылып, жұмыс істеу қабілетінен қол үзген 26 жастағы азамат қазір көмекке мұқтаж. Oл Stan.kz тілшісіне қаңтардағы қиын кезеңдер мен қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Илияс Дукенбаев

"Алаңда үйдің кезегінен заңсыз шығып қалғанымды айтайын дедім"

Ілиястың айтуынша, 5 қаңтар күні кешкісін қалаға қыдырып шыққан. Сол уақытта орталық алаңда жиналып тұрған қалың халықты көреді. Ол бұған дейін қалада көтеріліс болып жатқанын білмегенін айтады. Сол жерде тұрған адамдардан сұрай келе, халықтың билікке өз талаптарын айтып тұрғанын біледі. Ілияс Алматыдағы “Жанұя” жетімдер үйінің балаларына арналған үй кезегінен шығып қалғанын біліп жүрген, алаңда сол талабын билікке айтып қалғысы келеді.

"Алаңда адам көп еді. Полициямен текетірес басталып кеткенін аңғардық. Бір кезде оқ атылып, полиция халыққа қарсы су шаша бастады. Осы кезде жанымда тұрған досыма тас тиді. Халық та бірден көтерілді. Біз де жиналғандардың арасына кіріп кеттік", – дейді ол.

Ілияс үйіне қайтар жолда алаңнан қару тауып алады. Айтуынша, ол қаруды халыққа қарсы қолданбасын деген оймен алып кетіп, қаланың шетіне апарып жасырып қояды. Келесі күні ол қаруды өз еркімен полицияға тапсырмақ болғанын айтады, алайда жауапты мекемелермен байланысу мүмкін болмаған. Қаладағы комменданттық сағат кезінде үйінен шыға алмаған азаматты 9 қаңтар күні полиция үйіне келіп, күшпен алып кетеді.

Ілиясты қаңтар оқиғасына қатысқан көп азаматтармен бірге Ішкі істер департаментіне әкеледі. Азаптаудың басы осы жерде басталғанын айтады. Бетін маскамен тұмшалаған адамдар бұларды террорист, ұры деп айыптап, аяусыз ұрған.

Ілияс осы кезде өзінің қару тауып алғанын айтып, оны өз еркімен тапсыруды ойлап жүргенін жеткізеді. Содан кейін полицейлермен бірге қаруды жасырған орынға келеді.

Азамат тауып алған қаруын полицейлерге тапсырып, өз еркімен беріп тұрғанын бірнеше рет қайталайды. Алайда олар жігітті қорқытып, осы жерде атып өлтіре саламыз деп мазақ қылғанын айтады.

"Олар маған қаш деді. Біз үшке дейін санаймыз, егер қашып үлгермесең, атып тастаймыз деп сес көрсетті", – дейді ол. Ілиястың қашудан қаймығып тұрғанын көрген полицейлер оны қайтадан бөлімшеге алып келеді.

"Қатты ұрып-соғып, қылмысты күшпен мойындатты"

Ілияс полиция департаментінде ұсталған адамдардың көп болғанын айтады. Азаматтардың көзін жауып, еңкейген күйінде бесінші қабатқа алып шыққан. Жоғарыға шығар баспалдақта тұрып алып, ұсталғандарды ұрып тұрған СОБР-лардың тек бәтеңкесін ғана көрдік дейді азамат.

Оның сөзінше, бесінші қабатқа көтерілген соң бір кабинетке кіргізіп, жарықты сөндіріп, қатты соға бастаған. Ұсталғандарды бәрібір сотталасың деп қорқытып, жасамаған қылмысын жасадым деп айтқызды дейді ол.

"Маған бәрібір сотталасың, автомат алдым деп айт деді. Алайда менің алаңда тауып алған қаруым, полицейлердің айтуынша, "Макаров" тапаншасы екен. Ұзақ уақыт ұрып-соғудан кейін төртінші қабатқа түсіріп, тергеушінің алдына алып келді",  – дейді жігіт.



Ол тергеушінің мүлдем сұрақ қоймағанын айтады. Не істеп, не қойғанын сұрамастан, өз бетінше қағазға түсірген. Ілияс бір нәрсе айтайын деп оқталғанымен, жанында автомат ұстаған адамнан жүрексінген.

"Автомат ұстаған адам қимылдасаң, атып тастаймын деп қорқытып тұрды. Қағазда не жазылғанын оқытпастан қол қойғызып алды. Осылайша жасамаған қылмысымызды ұрып-соғып жасатты қылды", – деп қосты ол.

Ол жасамаған кінәсін мойындағанына қарамастан ұрып-соғудың жалғасқанын айтады. Ұсталғандарды жерге жатқызып, ішінен, бауырдан әсіресе жанды жерлерінен соққы жасаған. Ілияс сол жерде қимылсыз жатқан адамдарды көргенін айтады. Оның тірі не өлі екеніне ешкім қарап жатқан жоқ еді, дейді ол.

Ілияс пен жанындағы адамдарды 9 қаңтар күні түнде уақытша ұстау изоляторына ауыстырады. Ол изоляторда полиция департаментіне қарағанда қатты соққыға жығылғанын айтады. Ілияспен бірге сол күні 12 азамат ауысады.

Сөзінше, азаматтардың дене жарақаттарын да тексерместен, камераға қамап қойған. Содан кейін камерадан кезекпен шақырып, саусақ іздерін алған.

"Менің саусақ ізімді алғаннан кейін, жерге жатқызып бес-алты адам жабылып ұра бастады. Аяғымды жоғарыға көтеріп, дубинкамен табанымнан ұрды. Әсіресе басымнан қатты ұрды. Дубинкамен, каскамен ұрды. Мен "мойындарымды мойындадым ғой, енді неге ұрып жатсыңдар" деп едім, "бұл саған әлі аз, мойныңа қылмыс ілу керек" деді. Олар мені бір-екі ұрлыққа қатысы бар деп айыптағысы келді. Сол жердегі қатты соққылардан екі аяғым, қабырғам сынды, миым қозғалып басыма қатты зақым келген", – дейді Ілияс.

Ілияс шартты жаза алып, бостандыққа шыққан соң денсаулығына қатты зақым келгенін біледі. Оған жасалған тексеруден кейін Арнольд Киари Мальформациясы деген диагноз қойылады. Бұл – өте қауіпті ауру. Егер уақытылы емделмесе, қол-аяғы қозғалмай, арбаға таңылып қалуы мүмкін. Ал ең сорақысы, кенеттен келетін өлім. Бұл аурумен ауыратын адам ұмытшақ бола бастайды. Ілияс басының тоқтаусыз ауыратынын айтады. Сөзінше, ешқандай дәрі-дәрмек көмектеспейді.

Дукенбаев ауруы

Медициналық тексеру нәтижесі жазылған қағаз

Сынған аяқтары да дұрыс бітпеген. Енді ол аяқтарын дұрыстап баса алмайды. Бас бармағының мүлдем бүгілмейтінін айтады. 26 жастағы тепсе темір үзетін жігіт осындай күйге түскеніне қаймығады.

"Үтік басайын деген еді, бірақ ол қосылмады"

Ілияс уақытша ұстау изоляторында ұрып-соғудың күнделікті жалғасқанын айтады. Сөзінше, маска киген адамдар қамауда отырған азаматтарды балағаттап, мазақ етіп, ойына келгендерін жасаған.

Ол изоляторда болған жайттарды айтпауға уәделерін алып алғанын айтады. Сонда түскен азаматтарды видеоға түсіріп, тіс жарар болса, мұны сотта өздеріңе қарсы қолданамыз деп қорқытқан. Беттегі көгерген орындарды митинг кезінде алған жарақат деп айтуға мәжбүрлеген.

Бізді ең қатты сол жерде соқты деген ол, барлығын ашып айтудан жүрексінетінін аңғартты.

Ілияс бұған дейін изолятордан әйеліне жазған хатында оған да үтік басқысы келгендерін, бірақ сол сәтте үтікті қоса алмағанын айтқан. Хатта айтылған сөзді азаматтың өзі де растайды.



"Иә, солай болды. Изоляторда менің қастарымды қырып тастағысы келді, бірақ ол да істемей қойды. Бір алла өзі маған жәрдемдесті", – дейді ол.

Ол қатты азапталғанына қарамастан дәрігерлердің мүлдем тексеріп, көмектеспегенін айтады. Сөзінше, дәрігерлер СИЗО-ға тек 20 қаңтардан кейін келген. Ілияс өзімен бірге изоляторда 170 азаматтың азапталғанын айтады.

Ілияс 10 қаңтар күні түскен уақытша ұстау изоляторынан арада 5 ай уақыт өткеннен кейін 1 шілде күні босап шығады. Сол күні сот болып, азаматқа 4,5 жыл шартты жаза үкімі шығады.

Сот оған 291-баптың 1-бөлімі (Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерiн, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу ), 287-баптың 4-бөлімі (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе бiрнеше рет жасалған іс-әрекеттер) және 272-баптың 2-бөлімі (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) айыптарын тағады.

"Қаңтар қайта егемендік әпергендей болды"

Ілияс қаңтар оқиғаларынан кейін пайда болған жаңа Қазақстан деген ұғымға өз басы сенбейтінін айтады. Жаңа Қазақстан ешқашан болмаған деген ол, бәрі сол баяғы қалпында қала беретінін жеткізді.

"Кейде қаңтар оқиғасы кезінде митингке қатысқаныма өкінген сәттерім болды. Бірақ болар іс болды. Бір жағынан, халықты ойлап шықтық. Екінші жағынан, өзімнің қанша жыл үйсіз жүргенім жаныма батты. Шүкір дейміз, қазір бостандықта жүрміз. Денсаулығым реттелсе, қайта жұмысқа шығамын деп отырмын. Ең бастысы, осы оқиғалардан кейін қайта егемендік алғандай болдық. Соның қадірін білсек болды",  –  деп түйіндеді ол.

Ілияс Дүкенбаев қазір Талдықорған қаласында жалғыз бауырымен және әйелімен бірге пәтер жалдап тұрып жатыр. Денсаулығынан айырылған жас жігіттің ем алып, қайта қалпына келуі үшін қаражат қажет. Сонша жыл тұрған үй кезегінен заңсыз шығарып тастағаннан кейін биліктен күдерін үзген азамат өзінің жеке үйі болғанын армандайды.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр