Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үшінші қабаттан секірген: Павлодар облысында әскерге шақыртылған екі жігіт қашып кетті

Павлодар облысында әскерге шақыртылған екі жігіт жиналу орнынан қашып кеткен. Бұл видеоға түсіп қалған. Қорғаныс министрлігі жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әскерле шақырту алғандардың жиналу пункті Павлодар облысы әкімдігі ғимаратында орналасқан. Сол жерден екі жігіт үшінші қабаттың терезісінен секіріп, ары қарай қашып кеткен. Видео әлеуметтік желілерде жарияланды.

Қорғаныс министрлігі ақпаратты растады және оқиға 2 мамырда болғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, қашқындардың бірі терезеден секіргенде жарақат алған.

"Әскерге шақырылушылар 1998 жылы туған Құлниязов Мұхамедкарим Қайратұлы мен 2001 жылы туған Назымбеков Рүстем Русланұлы мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиіс еді. Олар 2021 жылғы 2 мамырда Павлодар облысы әкімдігінің облыстық жинау пунктінің ғимаратында бола отырып, 3 қабаттан секіріп, өз бетімен заңсыз кетіп қалды. Бұл ретте әскерге шақырылушы Құлниязов жарақат алып, қазіргі уақытта қалалық ауруханада "таран сүйегінің жабық сынуы" диагнозымен жатыр", - деп хабарлады Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ал Рүстем Назымбековті қазіргі уақытта облыстық полиция қызметкерлері іздестіруде. Оның қайда екені әлі анықталған жоқ.

Қорғаныс ведомствосы қашқындарды әскери қызметке шақырудан босатудың заңды негіздері жоқ екенін атап өтті.

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 387 - бабы "осы қызметтен босату үшін заңды негіздер болмаған жағдайда әскери қызметке шақырудан жалтару" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп нақтылады қорғаныс министрлігінде.

Осы баптың санкциясына сәйкес кінәлілерге 1000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады – 2 917 000 теңге (шамамен 6 800 доллар) не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Еске салайық, наурыз айында республикамызда көктемгі әскерге шақыру басталды. 18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі 13 500-ден астам әскери қызметші Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын толықтырады.

Қорғаныс министрлігі көктемгі шақыруды биылғы 1 шілдеде аяқтауды жоспарлап отыр.

Талқылау