Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш адамның айлығын алды": Жамбыл облысында жоқ жұмысшыға жалақы тағайындаған ауыл әкімі тергеліп жатыр

Жергілікті халық сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеліп жатқан ауыл әкімі орнынан кетсін деп талап қойып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ақша стан

Фото: Stan.kz

Былтыр жұрттың наразылығына қарамастан Ернар Бағылбеков Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылының әкімі болып сайланды. Ауыл тұрғындары әкімнің халықтың үмітін ақтамағанын айтып, сайлауды қайта өткізуге дайын екенін жеткізді.

Әкімге мәселесін айтқалы барған тұрғындар оны орнынан таба алмайтын көрінеді. 

“Конторда сағат 9-да жоқ. Қайда? –Ауданда. Қайда? – Ауданда. Ол неғып бітпейтін жұмыс ауданда?” – дейді ашынған тұрғын.

Осылайша ауыл әкімі мен маманды сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-жоғын анықтау үшін антикор қолына кісен тағып алып кеткені белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әкім үш адамның айлығын жасанды түрде сыбайлас жемқорлықпен алып отырған. Ал атқамінердің өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің шақыртуына байланысты жұмыста көрінбей жүргенін мойындады.

“Енді ол жерде жала жапқанда біреудің айлығын алғансыз деп жатыр. Қазіргі заманда біреудің айлығын алу ол құдайдың құдіреті. Тергеуші шақырған кезде барамыз. Барлық қызметкерлер де барады. Бәрін кезек-кезекпен шақырады”, – дейді Ернар Бағылбеков.

Құзырлы орган өкілдері ауыл әкімінің жоқ адамға жалақы тағайындау бойынша тергеліп жатқанын растады.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі 2-тармағымен қылмыстық іс тергеліп жатыр”, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жамбыл облысы бойынша бас маманы Таңшолпан Бақытәліқызы.

Аудан басшылары қандай да бір шара қабылдау үшін тергеудің аяқталуын күтіп отырғанын айтады.

Талқылау