Ұлытауда топ заңсыз өндірілген марганецті шетке шығару үшін теміржол тұйығын жалға алған
Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеуді ұйымдастырған топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізіп жатқан кейіп танытқан. Оқиға орнында ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары қолданылған толыққанды тау-кен байыту кешені іске қосылған.
“Өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған. Шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторинг агенттігі.
Тергеу дерегінше, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 миллиард теңгеден асқан. Заңсыз әрекет салдарынан қоршаған ортаға залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 миллион теңгеден асады. Тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Ұлытау облысында 4,8 миллиард теңгеге марганец кенін заңсыз өндіргендер ұсталып, сотталған еді.
Қостанай облысында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты жоқ 50 жастағы азамат 2020-2023 жылдар аралығында “Шығыс Қаражал” кен орнында марганец кенін заңсыз өндірген. Сонымен қатар қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған мәмілелер жасасып, қазбаларды сатудан түскен қаражатты заңдастырған.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
