Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында кеніш жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп наразылыққа шықты (видео)

кеншілер шахтер
Фото: Желі кадрларынан

Қазақмыс компаниясының Ұлытау облысы аумағында кеніш жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартып жалақыны көтеруді талап етті. Компания бұл ұсыныстарды қарастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін әлеуметтік желілерде “Қазақмыс” жұмысшыларының көшеге шыққаны көрсетілген видео тарады. Онда қызметкерлер жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптар айтқан. Сондай-ақ шахтерлер жалақыны 50%-ға арттыруды және компанияның өндіріс жөніндегі вице-төрағасы Саят Бакировты қызметінен босатуды талап еткені айтылған. Жұмысшылардың сөзінше, наразылыққа соңғы кадрлық өзгерістерден кейін ұжымға қысымның күшеюі де себеп болған.

Кейін компания жұмысшылардың бұл наразылығына байланысты ашық диалогқа шықты. Онда тараптар жұмысшыларды толғандырған бірнеше сұрақты талқылады. Көтерілген барлық ұсыныстар мен бастамалар белгіленген тәртіпке сәйкес әрі қарай қарастыру үшін қабылданған.

Корпорация өкілдерінің айтуынша, жұмысшылардың негізгі шағымдары ұзақ жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты болған. Осыған байланысты компания басшылығы инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, оны жеделдетуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін күшейту және жұмыс жағдайын жақсарту бағытында қосымша шаралар қабылданбақ.

Қазір кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік процестер бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Жаңа “Жамбыл” фосфор зауытының жұмысшылары наразылыққа шыққаны туралы жазған едік. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 16:27