"Жеке заттарды итпен тінтіген, өтемақыны кешіктіреді": "Жаңа Жамбыл фосфор зауытының" жұмысшылары наразылыққа шықты

"Жаңа Жамбыл фосфор зауытының" жұмысшылары шу шығарды. Себебі қызметкерлердің жеке мүліктерін итпен тінтіген. Олар бұл қолдан жасалған қастандық деп күйінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алып зауыттың алдына жұмысшылар жиналып, басшылықтың әрекетіне шағымданды. Құзырлы орган өкілдері есірткі табылды деген желеумен 70 адамды тиеп алып кеткен екен.
“70 адамды алып кетті. Біздің ауысымда 30 жыл істеген ер адам бар еді. Оны наркологияға апарып, шкафтарды тас-талқан еткен. Бұл түрме емес қой. Бізге тек күзет қалсын”, – деді жұмысшы Ербол Абдуанов.
Осылайша, өндіріс орнында түрме заңымен жүріп тұруға мәжбүрміз деген қызметкерлер ұсталған азаматтарды босатуды талап етті. Сондай-ақ үш мыңға жуық адам еңбек ететін өнеркәсіпте жұмысшылардан бастық көп дейді.
“Мына зауытта әр саланың директоры бар. Соларды қысқартып бір-ақ директор қалсын. Мына жерде пол жуатынның директоры, ТБ-ның директоры, ананың-мынаның 20 шақты директоры бар”, – деді жұмысшы Дәметкен Көшекова.
Жұмысшылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы, еңбек демалысына берілетін өтемақы үнемі кешігетінін айтты. Денсаулығына байланысты берілетін жәрдемақыны алу да қиын деп ашынады.
Қызметкерлерге күштік құрылымдар мен жергілікті биліктің басшылары шұғыл жетті. Талаптарын тыңдап, бір аптаның ішінде нақты жауап беруге уәде берді. Ал итпен тінту жүргізу полиция департаментімен бірлескен шара екен.
“Аталған іс-шаралар ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың бастамасымен және олардың құзыреті шеңберінде жүргізілді. Тексеру шаралары есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған "Қарасора" жедел-профилактикалық операциясы аясында жүзеге асырылды”, – деді “Жаңа Жамбыл фосфор зауыты” ЖШС баспасөз қызметі.
Ал полиция департаменті сегіз адамнан есірткі табылғанын жеткізді. Іс сотқа жіберілген.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді