Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк БЖЗҚ-ға инвестициялар бойынша көбірек еркіндік берді: Салымшылар үшін не өзгереді

Зейнетақы қоры
Фото: gov.kz

Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жаңа инвестициялық декларациясын бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңартылған тәсіл қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау кезінде кірістілікті арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

Инвестициялық декларацияға енгізілген өзгерістер БЖЗҚ-ның инвестиция мүмкіндіктерін кеңейтуге және тәуекелдердің теңгерімді  деңгейін сақтай отырып, инвестициялық портфельді одан әрі әртараптандыруға бағытталған. 

Декларацияда БЖЗҚ инвестициялай алатын активтердің жаңа санаты – "баламалы қаржы құралдары" енгізілді. Енді зейнетақы қаражатын қор нарығында айналымға түспейтін компаниялардың акцияларына, хедж-қорлардың пайларына, жылжымайтын мүлікке және инфрақұрылымдық облигацияларға инвестициялауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ табыс табудың жаңа тетігі ретінде бағалы қағаздарды кепілмен уақытша қарызға беру механизмі қарастырылған.

Өзгерістердің арқасында Ұлттық банк зейнетақы активтерінің табыстылығын арттыруды көздеп отыр.

БЖЗҚ бұрын қолжетімсіз болған құралдарға инвестиция жасай алады, ал қолайлы жағдай қалыптасқан жағдайда олардан көбірек табыс табуға мүмкіндік туады. Соның нәтижесінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына инвестициялық табыс түрінде көбірек қаражат түседі.

Ұлттық банктің мәліметінше, тәуекел деңгейі бұрынғыдай сақталып, теңгерімді күйінде қалады.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес кез келген БЖЗҚ салымшысы өз жинақтарының жартысына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияға аудара алады.

Алайда бұл құрал әзірге қазақстандықтар арасында кең танымал емес. Қазіргі таңда БЖЗҚ агенті ретінде әрекет ететін Ұлттық банктің басқаруында 26,4 триллион теңге бар, ал алты жеке басқарушы компанияның жиынтық активтері небәрі 110 миллиард теңгені құрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жинақтарының 100%-ын жеке компанияларға беру ұсынысын қолдағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 20:08