Қытайдың ірі автоконцерні Қазақстанда автокөлік құрастыруды жоспарлап отыр

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдағы "Жазғы Давос" дүниежүзілік экономикалық форумының 17-ші жыл сайынғы кездесуі аясында өнеркәсіп пен цифрландыру саласында жетекші орындарға ие қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесулерде АӨК, өнеркәсіп, цифрландыру және автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған.
Қытайлық SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы әрі CEO Хуан Чэньхун Қазақстанда заманауи деректер орталықтарын құруға қызығушылық танытты. Компания Қазақстанда 2026-2029 жылдары кезең-кезеңімен іске қосылатын, қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін AI Data Center кластерін құруға мүдделі.
Жоба аясында ЖИ-кампус салу, энергиямен жабдықтауды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары үшін серверлік жабдықтар мен технологиялық шешімдерді жеткізіп беру көзделген. Бектенов ұсынысты егжей-тегжейлі зерделеу және инвестормен өзара іс-қимылды үйлестіру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.
Ал Xiamen Wanli Stone компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэймен көмір химиясы, металлургия және минералды шикізатты терең өңдеудегі ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Жобада көмірді жартылай кокс, сутегі және жоғары сапалы мұнай өнімдеріне айналдыратын "көмір–электр энергиясы–химия–металлургия" интеграцияланған тізбегін құру көзделген.
Jinyi Holding Group компаниясы арнайы индустриалды аймақ құру және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Jinyi Holding Group қазір Қазақстанда екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда, олар – Ақтөбедегі "жасыл" мыс өнеркәсібі зауыты және Батыс Қазақстан облысындағы индустриялық-логистикалық хаб. Компания басшысымен Ақтөбе облысында шетелдік өндірушілерді жедел локализациялау үшін дайын инженерлік инфрақұрылымы бар ірі индустриялық-логистикалық паркін құру бастамасы талқыланды.
Автокөлік өнеркәсібінде де ауқымды жоспарлар бар. Қытайдың автогиганты Guangzhou Automobile Group Қазақстанда көлік дистрибуциялаудан толыққанды жергілікті өндіріске көшуді қарастырып отыр.
Компания 2026–2028 жылдар аралығында бензин қозғалтқышты және гибридті модельдерді қоса алғанда, 17 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр.
Кездесулерде ауыл шаруашылығы тақырыбы да талқыланды. Yulin Irrigation компаниясының бас директоры Ци Юбомен кездесуде Қазақстанда заманауи ирригациялық технологияларды енгізу мәселелері қаралды, оның ішінде Қызылорда облысында ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасы да бар.
Тағы бір стратегиялық бағыт – аккумулятор өндірісі. Саладағы әлемдік көшбасшы, тартқыш батареялар нарығының шамамен 40%-ын бақылайтын CATL компаниясы Қазақстан үкіметімен аккумуляторлар мен энергия жинақтау жүйелерін өндіру жобасын іске қосу мүмкіндігін талқылады. Шикізатты қайта өңдеуден бастап дайын аккумуляторларды, энергияны сақтау жүйелерін шығаруға, сондай-ақ пайдаланылған батареяларды кәдеге жаратуға дейін қосылған құны жоғары бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды.
Ал CISDI Engineering вице-президенті Юн Люмен кездесуде отандық металлургияны технологиялық жаңғырту және озық инженерлік шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Кездесулер қорытындысында Олжас Бектенов Қазақстан ұзақ уақыт жұмыс істеуге, өндірісті локализациялауға, технологиялар трансферті мен қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін қытайлық компания Алматыда қалдықтарды өңдеп, электр энергиясына айналдыратын үлкен зауыт салатыны туралы жазған едік.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты
Оқыңыз