Желіде түркістандық ер адамның балаларын қатігездікпен тепкілеп жатқан видеосы тарады
Әлеуметтік желіде Түркістан облысының тұрғыны балаларды қатігездікпен ұрып жатқан видеосы тарады. Жергілікті полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
"НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, оқиға Түркістан облысы Сайрам ауданында болған. Кадрлардан ер адамның 4-5 жастағы баланы теуіп жатқанын байқауға болады. Жанында осы жас шамалас қыз да бар.
Белгілі болғандай, Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы істі жеке бақылауына алды.
"Түркістан облысында жасөспірімдерге қатысты жасалған құқыққа қарсы әрекет бойынша Сайрам ауданының полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық мән-жай анықталып жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі баланың денесі табылғаны туралы жазған едік. Кейін күдіктінің Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы А.С.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейде мектепке дейінгі сыныпта тәрбиеші болып жұмыс істегені белгілі болды. Кейін ол Шымкентте ұсталды.