Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан бір отбасының бес баласы қаза тапты

Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан бір отбасының бес баласы қаза тапты. Тағы бір бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жол апаты Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo автокөлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көлік екіге бөлініп қалған.
Дәрігерлер ауыр жарақат алған баланың өмірін аман алып қалды. Алайда оның жағдайы әлі де ауыр деп бағалануда. Ата-анасының өтініші бойынша зардап шеккен баланың денсаулық жағдайына қатысты толық ақпарат жарияланбайды.
ОқыңызПолицияның алдын ала мәліметінше, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында 461 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апаттарынан 100 адам қаза тауып, тағы 573 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда көлік жүргізушісі 3 жаяу жүргіншіні қағып, аялдамаға соғылғаны туралы жазған едік. Нәтижесінде екі жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты, тағы біреуі ауруханаға жатқызылды.