Төтенше жағдайлар департаменті Алматыдағы жер сілкінісінің қашан тоқтайтынын нақты айта алмады
23 қаңтардан бері жалғасып келе жатқан жер сілкінісі алматылықтарды алаңдатып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті мұндай жағдайды болжау өте қиын болғандықтан, дүмпулердің қашан тоқтайтынын нақты білмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: www.earth.com
Төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша, күшті жер сілкінісінен кейінгі 24 сағат ішінде көптеген афтершоктар байқалды. Алайда олардың күші екі баллдан аспайды және қауіпті емес.
"Әдетте, мұндай қарқындағы жер сілкіністірінен кейін 2 балдан аспайтын бірнеше афтершок болады. Алайда жер дүмпуінің ошағы Қытайда болса да, әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бұл табиғи құбылыс болғандықтан, қанша уақытқа созылатынын айту қиын. Көптеген факторларға байланысты болады: жер сілкінісінің ошағы орналасқан аймақтың сейсмикасы, жер қыртысының геологиялық құрылымы, тектоникалық ерекшеліктері. Бірте-бірте сейсмикалық белсенділік процесі бәсеңдеп, қалыпты режимге ораламыз, – делінген Алматы төтенше жағдайлар департаментінде.
Өкінішке қарай, сейсмологтар қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша келешекте болатын жер сілкінісінің нақты орны мен уақытын 100% "кепілдікпен" болжауға көмектесетін әдістердің жоқ екенін айтты.
"Қазақстандағы сейсмикалық жағдайды бағалау – 0,7, яғни 70% құрайды. Халықты даярлау, әрбір азаматтың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға жеке дайындығы ерекше маңызға ие. Алматы ТЖД қалалық курстарында жыл сайын оқыту жүргізіледі. Онда түрлі төтенше жағдайлар, соның ішінде жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар зерделенеді. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері туралы толық ақпарат "зардап шеккен халықты қабылдау пункті" қосымшасын іздеу жүйесінде, сонымен қатар Алматы ТЖД мен қала әкімдіктерінің ресми сайттарында, 2ГИС (картасында) платформасында орналастырылған", – деді ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Алматы ТЖД смартфон камерасымен сканерлеу кезінде зардап шеккен халықты жақын маңдағы қабылдау пункттеріне эвакуациялау жолдарының бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретін QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар әзірленген.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.