Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әлемдегі ең қатты жер сілкінісі болатын жерлер тізімінде – Мэлс Елеусізов

Белгілі эколог Мэлс Елеусізов Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Бұл туралы эколог Assyltas TV ютуб арнасына берген сұхбатында айтты. Мэлс Елеусізовтің айтуынша, Алматы сейсмологиялық қауіп бойынша әлемдік тізімдерде көш бастап тұр. 

“Жер сілкінісі кезінде үйде болдым. Алдымен гүрілдеген дыбыстар шықты, көшедегі көліктер екен деп ойладым. Сосын байқасам үй шайқалып тұр. Мен ондай жағдайларға дайын адаммын, қорқыныш болған жоқ. Ал көп адамның есі шығып кетті, барлығы далаға шықты. Бізді жаратылыс сақтады. Бұдан қатты болса, қырғын болар еді. Қазір жер шарында ең қатты жер сілкінісі болатын жерлер – Жапония, Индонезия, Чили, Қазақстанда осы Алматы. Бұл баяғыда зерттелген, сейсмологтардың барлығы біледі”, – дейді Елеусізов. 

Эколог Алматыдағы жаңа салынып жатқан үйлердің құрылыс сапасын сынға алды. Оның айтуынша, құрылыс барысында сапасыз материалдар қолданылады, сондай-ақ жаңа құрылыстардың барлығы тығыз салынады. Жер сілкінісі секілді апатты жағдайларда тұрғындар жиналатын қауіпсіз бос алаңдар жоқ. 

“Кеңес одағы кезінде Қонаевтың сұрауымен болуы керек, Алматыға арнайы ғалымдар келіп зерттеу жасаған. Сонда Алматының экологиялық сыйымдылығының 700 мың адамға лайықталғанын айтып кеткен. Ал қазір шамамен 3 миллион адам бар. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін. Тағы 4 қала саламыз дейді. Есі ауысқан бұлардың. Қазір су тапшы. Мұздықтарымыздың 44%-ы еріп кетті”, – деп дабыл қақты эколог.

Сондай-ақ Мэлс Елеусізов халықты жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмауға шақырды. 

“Халыққа үйрету керек. “Дүрбелең” деген – жаман дүние. Жер сілкінгенде алғашқы толқын өткен соң, ақырын сыртқа шығу керек. Жапонияда кішкентай балаларға дейін алғашқы кезде не істеу керек екенін біледі. Үстелдің астына немесе өздеріне белгіленген жерлерге тығылады. Сол секілді бізде де бәріне дайын болу керек”, – дейді эколог. 

Сонымен қатар сұхбат барысында эколог Қазақстандағы экологиялық проблемаларға, әсіресе Балқаштың тартылып кету қаупіне тоқталып, биліктің жедел назар аударуы керек екенін айтты. 

Талқылау