Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдар таптап, жамбас сүйегі сынған": Алматылықтар жер сілкінісі кезінде бастан кешкендерін айтып берді

Алматыдағы жер сілкінісі қала тұрғындарының үрейін ұшырып, әуреге салды. Қала тұрғындарының бірі бас сауғалап, қала сыртына қашса, енді бірі қорқынышқа бой алдырмай, пәтерлерінде отырып әліптің артын баққан. Үйлерін тастап, қауіпсіз жер іздеп қашқандардың арасында терезеден секіріп жарақат алғандар және адамдар арасында кептеліп, зардап шеккендер де бар. Алматы тұрғындары жер сілкінісі кезіндегі үрейлі сәтті еске алып, Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.

Алматыдағы көпқабатты үй тұрғындарының басым бөлігі үлгергенінше қалың киімін киіп, сыртқа шыққан. Әлеуметтік желіден қақаған қыста жалаң аяқ, киімсіз жүрген қала тұрғындарын да көруге болады. 

“Далада құлап, адамдар таптап кетті”

Зілзала кезінде сыртқа қарай асыққан көпқабатты үйдің тұрғындарының бірі қатты зардап шеккен. Әлеуметтік желі қолданушысы құрбысының көп адам арасында кептеліп қалғанын айтады.

“Құрбым жер сілкінісінен емес, көп адам арасында кептеліп, зардап шегіп отыр. Далаға шыққан бетте құлап, адамдар таптап кетті. Абырой болғанда тірі қалды, бірақ жамбас сүйегі сынған”, – деп жазды желі қолданушысы.

Әйгерім есімді Алматы тұрғыны зілзала кезінде болған қызық деректі бөлісті. Күні бойы сап-сау жүрген келіншек жер сілкінісінен кейін белі шойырылып қалғанын айтты.

“Жер сілкінісі шамамен сағат түнгі 00:00-ден кете басталды. Өзім дүкенде жұмыс істеймін. Жанымда қызым бар еді. Мен жұмыс істейтін дүкеннің қабырғасына жалғасып көлік жөндейтін станция салынған. Әдетте оның темір қақпасы ашылып, жабылған сайын дүкен іші де абыр-сабыр болып кетеді. Бастапқыда содан болар деп мән бермедім. Бір кезде бөтелкелер шайқала бастады. Содан дереу кішкентай қызымды жетектеп, күйеуімді ояттым. Сөйтіп киімдерімізді киіп, сыртқа шықтық. Дүмпу басылған соң дүкенге кіріп бара жатқанда белім шойырылып қалды. Әлі де ауырсынып тұрмын”, – дейді Алматы тұрғыны Әйгерім Сыдықбекова.

“Зілзала болардан бір күн бұрын жер сілкінісі туралы көп ойлаған едім”

Жер сілкінген сәттің әлі күнге дейін көз алдынан кетпейтінін айтқан алматылық тұрғын өз оқиғасын бөлісті.

“Жер сілкінісі кезінде ұйықтап жатқанмын. Бір уақытта қатты тарсылдаған дауыстан оянып кеттім. Басында түк түсінбедім. Жаныма қарасам сіңлім қорқып отыр. "Жер сілкініп жатыр" деген даусынан кейін ғана есімді жинап, сыртқа қашуды ойладық. Қобалжығаннан шалбарымды киіп үлгерместен, үстіме қалың киімімді іле сала, аяқ киімімді асығыс-үсігіс киіп, сіңлілеріммен бірге қашып шықтық. Сыртта бір сағаттай жүрдік. Осы уақытта зілзала қайталанады деп ойладық. Кейбір тұрғындар аязда жеңіл киіммен, жалаң аяқ жүрді. Сол себепті туысқандарымыздың жер үйіне баруды жөн көрдік”, – дейді Айнұр есімді қала тұрғыны. 

Оның айтуынша, қауіпсіз аймаққа қашудің өзі қиын болған.

“Сыртта такси шақыра алмай біраз тұрдық. Әншейінде, үй алдына алып кететін такси жүргізушілерінің бірін таппай қалдық. Жолға шығып едік үлкен кептеліс болып жатты. Ешқандай көлік тоқтамады. Ақыры түннің жарымында жаяу бардық. Негізі жер сілкінісі туралы бір күн бұрын ұйықтардың алдында қатты ойлап кеткен едім. Қашудың жолдарын қарастырып, үйдегілермен бірге талқылағанбыз. Оқиғаның бір күн болмай қайталанғаны мені таңғалдырды. Осы уақытта адамдардың жер үйге қашқаны дұрыс па деген ой келеді. Себебі жолда үлкен кептеліс пайда болды. Салдарынан құтқарушылар, жедел жәрдем қызметі кептелістен құтқаруы керек азаматтарға жете алмай қалмай ма деп алаңдадым”, – деген ойлар алаңдататанынын жасырмады.

“Қарапайым халық табиғи апат кезінде не істеу керек екенін білмейді”

Маржан есімді қала тұрғыны жер сілкінісінің қалай болғанын, өзінің нендей күй кешкенін баяндап берді. 

“Зілзала кезінде қалың ұйқыда жатыр едім. Кенет қатты дыбыстардан және үйдегі адамдардың шошынған дауыстарынын оянып кеттім. Көзімді ашсам мен жатқан төсек шайқалып жатыр екен. Алғашында түсім екен деп ойладым. Сөйтіп қорыққанымыздан үйдегілермен жеңіл киініп сыртқа шығып кеттік. Сөйтсем тұрғындардың жартысынан көбі көліктеріне мініп, қауіпсіз жерге кетіп қалған екен. Қатты тоңып қалған соң бар жігерімізді жинап, пәтерімізге оралып, қалың киімдерімізді киіп шықтық. Сонда ғана қажет заттар мен құжаттарымызды алу керек екенін түсіндік”, – дейді үрейлі сәтті еске алған ол.

Төтенше жағдай кезінде абдырап қалған ол өзінің қандай қате жібергенін түсінген.

“Осы жағдайдан кейін қарапайым халық табиғи апаттарға дайын емес екенін және мұндай жағдайда сауатсыздықтан абдырап қалатынын түсіндім. Өйткені мен сол сәтте не істеу керек екенін білмей, тұрып қалдым. Мені “Енді не болады? Мені кім құтқарады? Қалай қашып шығамын?” деген сауалдар мазалады. Зілзала кезінде қауіпсіздік ережелерін есіме түсіріп, сол бойынша әрекет ету керек екенін кеш түсіндім. Алматының сейсмикалық аймақта орналасқанын білеміз. Бірақ мұндай жағдай бастан өтпегеннен кейін көбіне мән бермейді екенсің. Біздің тіпті “дабыл сөмкеміз” де дайын емес еді. Сыртта жүріп қауіпсіз жерге бас сауғалау керек болды. Бірақ қайда барарымызды білмедік. Бұл мәселе де бізді абдыратып қойды. Алдағы уақытта осы дүниелерді ескеру керек деп ұғындым. Сондай-ақ жасы келген кісілер үшін көпқабатты тұрғын үйден сыртқа шығу қиынға соқты. Зілзала кезінде жеделсатыны пайдалануға болмайтынын ескерсек, оларға жоғарыға мініп-түсудің өзі оңай емес. 

“Жер сілкінісі кезінде көбіне үрей, стресспен тығыз байланысты аурулар асқынады”

“Менің қан қысымым бар еді. Бірақ дәл жер сілкінісі кезінде қалыпты көрсеткіш 90/70-тен 130/100-ге бірден көтерілді. Бұл мен үшін өте жоғары. Негізі күйеуіммен теледидар көріп жатқанбыз. Оның да аяқ асты басы ауырып жатып қалды. Біз жер үйде тұрамыз. Жер сілкінісі кезінде мен сыртқа шығып, 3 минуттай далада күттім. Күйеуім үйден шыққан жоқ. Сөйтсем жер сілкінісі кезінде аспашамның қалай тербелгенін видеоға түсіріпті”, – дейді Алина есімді келіншек. 

Осы тұста жер сілкінісі кезінде қан қысымы кенет көтеріліп, ауырғанын айтып, шағымданған қазақстандықтардың қарасы көп екенін байқадық. Кардиолог Гүлзина Төлеш қан қысымының зілзала кезінде не себепті кенет көтерілетінін түсіндірді.

“Жер сілкінісі мен артериалды қан қысымының тікелей байланысы жоқ. Бірақ жер сілкінісі кезіндегі қорқыныш, үрей, қандағы адреналин, норадреналин сияқты гормондардың бөлінуіне себеп болады. Соның салдарынан қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін. Зілзала кезінде қан қысымы көтеріледі, бас ауырады. Сондай-ақ шүйденің тартуы немесе құлақ шыңылдауы сияқты белгілерді байқауға болады. Егер тонометрмен өлшегенде қан қысымы 140/90-нан жоғары болса, шұғыл көмек ретінде каптоприл дәрісінің 25 миллиграмдық 1 таблеткасын тілдің астына салуға болады. Егер одан түспесе, жедел жәрдем шақыру керек”, – дейді дәрігер.

Кардиологтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде көбіне үрей, күйзеліспен тығыз байланысты аурулар асқынуы мүмкін. Паникалық шабуыл деген диагноз бар. Ондайда қан қысымы көтеріледі, жүрек соғуы үдеп, ұйқы бұзылады. Сонымен қатар невроздық, психоздық аурулар асқынады. Бұндай жағдайда, мүмкіндігінше сабырлы болып, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау керек.

Бұған дейін Алматыда болған жер сілкінісінен 61 адам зардап шегіп, 5 науқас ауруханада ем алып жатқаны туралы жазған едік. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үш науқас әлі де медициналық көмекке зәру.

“Жер сілкінісі кезінде зардап шеккен үш ересек адамға барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Үш науқас Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында емделіп жатыр. Бір науқастың жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа ауыр”, – деп басқарманың баспасөз хатшысы зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтты.

Талқылау