Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт адам жансақтау бөліміне түскен: Жамбыл облысында болған ірі жол апаты салдарынан 25 адам зардап шекті (видео)

Жамбыл облысында болған ірі жол апаты салдарынан 25 адам зардап шекті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жамбыл дтп скрин

Видеодан жасалған скрин

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 31 қаңтар күні сағат 10.47-де "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық тас жолының 567-шақырымында Жуалы ауданы, Нұрлыкент кентінің маңында ауа райының қолайсыздығынан 26 көлік жол-көлік апатына ұшыраған.

“Апат салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б.Момышұлы ауылындағы орталық аудандық ауруханаға 25 адам жүгінді”, – делінген хабарламада.



ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, зардап шеккен 25 адамның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр, зардап шеккендердің арасында балалар да бар.

“Тараздан 593-534 шақырымға дейінгі жол екі бағытта да жабық. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, оқиғаның мән-жайы анықтап жатыр. Жамбыл облысының жол полициясы әсіресе қолайсыз ауа райы жағдайында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керек екенін еске салады”, – деп қосты полиция.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды-Теміртау тас жолында жолаушылар автобусы мен 16 жеңіл көлік соқтығысқаны хабарланған. Жол апаты 26 қаңтар күні сағат 15:00 шамасында болған.

Талқылау