Тоқаев қос палаталы парламенттің жұмысына баға берді

Тоқаев мәжіліс пен сенаттың жұмысына баға берді. Мемлекет басшысының сөзінше қос палаталы парламент 30 жыл ішінде ел дамуына маңызды үлес қосқан 3,5 мыңға жуық заң қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны президент Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл жиын тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір кезеңнің аяқталғанын білдіретінін айтты. Оның сөзінше, ел енді дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.
“Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты. Оған қоса еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды. Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажет заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды”, – деді президент.
Мемлекет басшысы олардың еңбегі парламент тарихында айрықша із қалдырғанын әрі халық жадында сақталатынын айтты.
“Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ. Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайық жауап бере алатын жасампаз құрылым болды”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент парламент қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырғанын айтты.
“Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді. Басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды”, – деді Тоқаев.
Тоқаев мәжіліс пен сенат депутаттарына алғысын айтты.
“Мен парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы мәжіліс пен сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы депутаттардың табанды еңбегінің арқасында соңғы үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданғанын айтты.
“Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар. Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар”, – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы парламент өкілдерімен бірлесіп бірнеше маңызды реформалар жасағанын жеткізді.
“Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер”, – деді Тоқаев.
Сөз соңында президент олардың табанды, мардымды еңбектері ел жылнамасында қалатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды. Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
"Ұлымды ұрды, заттарын жоғалтты": Алматылық ана ұлының "Жаңа Ұрпақ" лагерінде қорлық көргенін айтып берді
Оқыңыз