Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Референдум, Құрылтай, вице-президент институты: Президент бастамалары не үшін қажет?

президент
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Референдум өткізу, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және “есеп беретін Үкімет” жұмысы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырта ма? Вице-президент институтын енгізудегі мақсат қандай? Stan.kz осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған реформалар пакетін ұсынды. Мемлекет басшысы суперпрезиденттік басқару моделінен біртіндеп бас тартып, "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатына негізделген жаңа саяси жүйені қалыптастыру қажет екенін айтты.

Сол жылдың 5 маусымында Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтіп, азаматтар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған түзетулерді қолдады. Нәтижесінде Конституциялық сот қайта құрылып, Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетіліп, сайлау жүйесіне өзгерістер енгізілді.

Президент елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында Парламенттің орнына Құрылтай институтын енгізуді ұсынды. Бұл бастама қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында вице-президент институтын енгізу жайы да қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама билік сабақтастығын қамтамасыз ету мен саяси тұрақтылықты сақтау тұрғысынан маңызды.

“Елдің даму бағытын айқындайды”

Саясаттанушы Асхат Кеңесовтің айтуынша, елдегі саяси реформалар – даму бағытымызды айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі.

“Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету және қоғамның саяси өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту. Президент Тоқаев бастамашылық еткен реформалар суперпрезиденттік басқару моделінен біртіндеп бас тартып, “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатына негізделген жаңа саяси жүйені қалыптастыруға бағытталған”, – дейді саяси ғылымдар кандидаты.

Оның сөзінше, реформа аясында парламенттің рөлі күшейіп, сайлау жүйесіне түзетулер енгізілді. Сонымен қатар Конституциялық сот қайта құрылып, саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді.

“Мұндай қадамдар саяси бәсекелестікті арттырып, қоғамның түрлі топтарының мүддесін білдіруге мүмкіндік береді. 2022 жылғы конституциялық референдум осы реформалардың заңды негізін бекітіп, халықтың саяси оқиғаларға қатысуын қамтамамыз етеді. Бұл билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Референдум арқылы қабылданған өзгерістер президент өкілеттігін шектеуге және билікті орталықсыздандыруға ықпал етті. Нәтижесінде саяси жүйе біршама ашық әрі теңгерімді сипат ала бастады”, – дейді саясаттанушы.

Асхат Кеңесов қазір қоғамда талқыланып жатқан вице-президент институтын енгізу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай лауазым билік сабақтастығын қамтамасыз ету тұрғысынан тиімді.

“Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде вице-президент лауазымы болған. Сондықтан бұл институтты енгізу саяси реформалардың маңызды факторларының бірі ретінде қарастырылуы мүмкін”, – дейді сарапшы.

Алайда саясаттанушы бұл бастаманы жан-жақты талдау қажеттігңн де айтып отыр. 

“Бұл институт қос билік қаупін тудырып, саяси тұрақсыздыққа да алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе кешенді талдауды қажет етеді”, – деді Асхат Кеңесов.

Сарапшы Ұлттық құрылтайдың құрылуын да саяси реформалардың маңызды элементтерінің бірі деп есептейді. Оның пікірінше, бұл алаң қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға мүмкіндік береді.

“Егер Құрылтайда айтылған ұсыныстар нақты саясатта көрініс тауып жатса, онда ол тиімді қоғамдық институтқа айналады. Ал керісінше жағдайда тек символикалық орган болып қалу қаупі де бар”, – дейді ол.

Кеңесов реформалардың нәтижелі болуы мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысына байланысты екенін тілге тиек етті.

“Билік заң үстемдігін қамтамасыз етіп, саяси институттарды нығайтуы тиіс. Ал қоғам белсенділік танытып, қоғамдық бақылауды күшейтуі қажет. Тек осы жағдайда Қазақстан шынайы демократиялық және әділетті мемлекетке айнала алады”, – деді Асхат Кеңесов.

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстандағы саяси реформалар – ұзақ мерзімді трансформацияның бастауы. Оның нәтижесі өзгерістердің нақты іске асырылуына және қоғамның қолдауына тікелей байланысты.

“Президент реформалары ұлттық мүддені басты орынға шығарды”

Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров кейінгі жеті жылда Қазақстанда мемлекеттік және ұлттық мүддеге негізделген жаңа саяси жүйе қалыптасты деген пікірде.

“Кейінгі жеті жылда Қазақстанда заң шығарушы, атқарушы және сот билігі институттарына сүйенетін саяси жүйе қалыптасты. Сонымен қатар экономикада деолигархизация үдерісі жүріп, кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің мүдделеріне басымдық берілді”, – деді Ерлан Сайыров.

Депутаттың пікірінше, саяси жүйе мемлекеттік институттарды дамытуға негізделсе, экономикалық жүйе халық пен кәсіпкер игілігі үшін жұмыс істеуге бағытталған.

“Бұл – ең маңызды жетістіктердің бірі. Билік экономикада классикалық арбитр рөлін атқарып, азаматтар арасында әділдік пен теңдікті қамтамасыз ететін институттар жұмыс істеп жатыр”, – деді ол.

Ерлан Сайыров 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскен кезде елде олигархиялық жүйе қалыптасқанын айтты.

“Сол кезеңде саяси жүйе бір адамның амбициясына қызмет етті. Сондықтан саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жайы күрделі жүрді. Алайда Тоқаевтың күш-жігерінің арқасында бұл реформалар эволюциялық жолмен жүргізілді”, – деді депутат.

Оның айтуынша, осы уақыт ішінде Қазақстанда екі конституциялық реформа жүзеге асырылды. Сонымен қатар заңсыз шығарылған шамамен 1,5 триллион теңге көлеміндегі активтер мемлекетке қайтарылды.

“Бүгінде саяси жаңғыру үдерісі жүзеге асып қана қойған жоқ, алғашқы нәтижелерін де көрсетіп отыр. Кейінгі екі жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі шамамен 6% өсті. Бұл өсім негізінен шағын және орта бизнестің дамуы есебінен қамтамасыз етілді. Елде ауқымды саяси реформалар жүріп жатыр. Мұның барлығы президент Тоқаевтың бағытының дұрыстығын, мемлекет басшысының бастамаларына елдің де разы екенін көрсетеді”, – деді Ерлан Сайыров.

Мәжіліс депутаты қазіргі геосаяси жағдайды ескеріп, вице-президент институтын енгізу қажеттігіне де тоқталды.

“Бүгінде әлем терең қайшылықтар кезеңіне қадам басты. Тұрақсыздық күшейіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекет үшін басты міндет – саяси тұрақтылықты сақтау. Сондықтан ішкі және сыртқы саясатта жүйелі жұмыс жүргізетін қосымша институттың болуы маңызды”, – деді ол.

Ерлан Сайыров Ұлттық құрылтайды қоғам мен мемлекет, халық пен билік арасындағы диалогты нығайтатын бірегей институт ретінде бағалады.

“Ұлттық құрылтай – дәстүрлі қазақ демократиясының қазіргі саяси жүйеге бейімделген көрінісі. Бұл институт азаматтарды мемлекеттік мүдделер төңірегіне топтастыруға қосымша серпін береді”, – деді ол.
“Президент Тоқаев әрдайым бірлік пен қоғамның топтасуы қажет екенін айтып келеді. Қазақстанның табысты дамуы билікке ғана байланысты емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының ортақ миссиясы. Біз мемлекетімізді сақтап, ұлттық байлығымызды арттырып, оны келер ұрпаққа жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек”, – деді Ерлан Сайыров.

“Президент реформаларының басты мақсаты – әділетті Қазақстан құру”

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары сан-саланы қамтиды. Депутат реформалардың ішінде 2022 және 2026 жылдардағы Конституциялық өзгерістерге тоқталды. 

“Президенттің саяси реформалары бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде, ең маңыздысына тоқталсақ, ол ең алдымен 2022 және 2026 жылғы Конституциялық реформалар. Биылғы жаңа Конституцияның қабылдануы да президенттің бұдан 4 жыл бұрынғы бастамасының жалғасы әрі қорытындысы деп айтуға болады”, – деді депутат.

Бірінші кезекте бұл әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттік жүйені халыққа жақындату және билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты түсінікті әрі құрылымды ету.

Депутат Азат Перуашевтың айтуынша, реформалардың тағы бір маңызды бағыты – жаңа саяси модельді қалыптастыру.

“Бір жағынан, бұл билік тармақтары, яғни атқарушы, сот, заң шығарушы және өкілді билік арасындағы функцияларды ажырату болса, екінші жағынан, осы институттардың өзін қайта құруды білдіреді. Атап айтқанда, вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін құру және партиялық тізімдер негізінде жасақталатын бір палаталы Парламент – Құрылтайды енгізу көзделеді”, – деді Азат Перуашев. 

Оның сөзінше, Ұлттық Құрылтай қоғамдық мүдделердің заң шығарушы органда кеңірек өкілдік етуіне мүмкіндік береді.

“Мысалы, мажоритарлық жүйе бойынша парламент құрамына ену үшін сайлаушылардың басым көпшілігінің, яғни 50%-дан астамының қолдауына ие болу қажет болса, партиялық тізім арқылы өту үшін 5 %-дық қолдау жеткілікті. Яғни, сайлаушылардың көпшілігі емес, 5% қолдаушысы болса да, өзіндік пікірі бар, баламалы ұстанымдары бар тұлғалар да Құрылтайға өте алады”, – деді депутат. 

Азат Перуашевтың айтуынша, азаматтық қоғам, этностық топтар мен өңірлер өкілдерінен құралған Халық Кеңесі де құрылады.

“Әрине, тағы бір маңызды мәселе – бұл өзгерістер тұтастай алғанда билік институттары мен мемлекеттік органдардың функцияларын айқындап, олардың қызметін неғұрлым нақтылай түседі.

Сонымен қатар ол саяси партиялардың рөлі күшейіп, бір палаталы парламенттің маңызы артатынын айтты.

“Өйткені екі палаталы парламент жағдайында Мәжіліс белгілі бір дәрежеде Сенаттың “бақылауында” болды деуге келсе, ендігі жерде Құрылтай қабылданатын шешімдер мен заңдар үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Бұл, бір жағынан, заң шығару жұмысын жүйелеп, жан-жақтылық пен байыптылықты күшейтеді.

Вице-президент институтына қатысты депутат бұл лауазымның қажеттілігі жөнінде халық өз таңдауын жасағанын айтты.

“Бұл лауазым керек пе, жоқ па деген сұраққа халқымыз Конституция бойынша өткен (15 наурызда) референдумда өз шешімін қабылдап, жауап берді. Парламенттік фракция ретінде, “Ақ жол” партиясы да жаңа Конституцияның жобасын қолдадық. Мен өзім Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде 5-6 рет ресми отырыстарда сөз сөйледім. Ұсыныстарымыз жаңа Конституцияға кірді,”, – деді депутат. 

Сөз соңында депутат президент реформаларының сәтті жүзеге асып жатқанын, елдің қарыштап дамуына бағытталған берекелі істе саяси партиялардың ғана емес қоғамның да белсенділік танытып президент жанына топтасуға үндеді.

Stan.kz
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 09:00