Тоқаев Қазақстанда жаңа форматтағы мектептердің ашылатынын мәлімдеді

Қазақстанда жасанды интеллект мектептен бастап мемлекеттік басқаруға дейін кеңінен енгізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ мектептері мен зертханалар құрылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Alem.ai орталығының базасында жаңа буынға арналған екі мектеп – TUMO және Tomorrow School ашылғаны туралы айтты.
“Сондай-ақ Telegram және Presight сияқты халықаралық серіктестермен бірлесіп заманауи зерттеу зертханалары құрылды. Жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне кеңінен енгізіліп жатыр. Жуырда тиісті Жарлыққа қол қойып, ЖИ орта білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі элементіне айналатынын жеткіздім. Бұл мұғалімдерді алмастырмай, керісінше олардың мүмкіндігін кеңейтетін құрал ретінде енгізіледі. Жарлық аясында жекелендірілген оқыту жүйесін дамыту, цифрлық инфрақұрылымды күшейту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және білім беру стандарттарын жаңарту көзделген”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент білім сапасындағы қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға және әр балаға сапалы білімге қол жеткізуге бағытталған пилоттық жобаның іске қосылғанын алға тартты. Бұл жоба кейіннен бүкіл ел бойынша кеңейтіледі.
"Жасанды интеллект мемлекеттік басқару тиімділігін арттыратын шешуші факторға айналып отыр. Қазақстан бұл бағытта алдын ала әрекет етіп, трансформация үдерісінде көшбасшы орындарға шығу үшін қажетті институционалдық әлеуетті қалыптастыруда.
Жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, ЖИ дамыту жөніндегі кеңес мүшесі доктор Ли Кай Фу жақында Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында мемлекеттік органдардың жоғары басшылығына арналған оқыту семинарын өткізді. Семинар мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні стратегиялық қолдану мәселелеріне арналды. Оның ішінде ЖИ-ге негізделген операциялық модельдерді пайдалану, ЖИ-агенттерді енгізу және Қазақстанда ұлттық технологиялық ЖИ экожүйесін дамыту қарастырылды. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған тұрақты оқу бағдарламалары жасанды интеллект технологияларын жедел енгізуге ықпал етіп, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Қазақстанда өңірдегі алғашқы мамандандырылған жасанды интеллект университеті құрылып жатыр. Бұл оқу орны озық зерттеулер, инновациялар және жоғары білікті мамандар даярлау орталығына айналады.
Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп кетті: Бұған не себеп
Оқыңыз