Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күйеуі қуып шыққан астаналық әйел үш баласымен аялдамада түнеген: Тұрмыста зорлық көрген адам неліктен ешкімге жүгінбейді

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, әйел
Фото: chatGPT көмегімен жасалды

Астаналық тұрғын түнде үш баласымен далада қалған әйелді көріп, оны үйіне қондырған. Кейін такси шақырып, ауылына жетуіне көмектескен. Дегенмен әйел дағдарыс орталығына барудан бас тартты. Stan.kz ақпарат агенттігі зорлық-зомбылық көрген әйелдер неліктен көмек сұрауға қиналатынын және мұндай жағдайда өзін қалай қорғауға болатыны туралы мамандардан сұрап көрді.

 

“Ақшасы болмаған соң аялдамада түнепті”

Астаналық ер адам түнде аялдамада үш баласымен жалғыз тұрған әйелді көріп қалған. Әйелдің сөзінше, күйеуі кезекті рет ұрып-cоғып, үйден қуып шыққан. Оларды аялдамадан тауып алған ер адам үйіне қондырып, бұл жағдайды қазақстандықтарға Threads арқылы хабарлады.

"Кеше жұмыстан кеш қайттым. Түнгі к 01:00-де Меганың аялдамасында бір әйелді көрдім. Қолында екі жасар баласы, ал тағы 7 және 10 жасар екі баласы скамейкада ұйықтап жатыр. Тоқтап, әйелден мән-жайды сұрадым. Сөйтсем күйеуі үйден қуып шығыпты. Оларға Екібастұзға кету керек екен, бірақ ақша болмағасын аялдамада жай отырыпты. Түннің ортасында такси шақыра алмадым, далада да қалдыра алмадым. Төртеуін үйге алып келдім, әйелім оларды тамақтандырды. Сөйтіп түнде біздің үйде ұйықтады", – деп жазды астаналық ер адам.

“Көмек сұрауға қарсы болды”

Бұл оқиғаны көрген желі қолданушылары жаппай әйелге жанашырлық таныта бастады. Біразы әйелдерге арналған орталыққа баруын, арнайы орындарға жүгіну керек екенін жарыса айтты.
Дегенмен оларды тауып алған ер адамның әйелімен сөйлескенімізде ол әйел көмек алудан бас тартқанын айтты.

"Күйеуі бұрын да ұрып-соққан екен, үйден қуған екен, мынау кезекті бір жағдай. Көмектесетін орталықтар бар, сонда барайық десем қарсы болды. Екібастұзға кетемін, пәтер жалдаймын деп қоймады. Жолдасым елден кішігірім ақша жинады. Соған такси шақырып, қалғанын қолына ұстатып, Екібастұзға жібердік", – деп түсіндірді бізге Астана тұрғыны.

Кейіннен ер адам әйел Екібастұз жақтағы ауылында, туыстарының ортасында екенін айтты. Сөзінше, құзырлы органдар әйелмен жолықты, құжаттарын реттеп, жұмысқа орналасуына көмектеседі.

"Үш баласы бар әйелге қатысты айтайын: Қазір ол өз ауылында, туыстарының ортасында, қауіпсіз жерде. Құзырлы органдар оған барыпты, құжаттарын қалпына келтіріп, жұмысқа орналасуына және басқа да істерге көмектеседі екен. Сіздер жинап берген 118 000 теңге қаржылай көмек әйелге табысталды. Әлі де оған көмектесем деушілер болса, маған хабарласыңыз. Мен жергілікті атқарушы органдармен байланысып отырамын", – деп жазды астаналық.

“Күйеуі әйелі мен балаларына қауіп төндірсе, оны үйден бір айға шығарып жібере алады”

Stan.kz сайты әйелдің жағдайын біліп, Астананың полиция департаментіне хабарласты. Полиция департаментінің сөзінше, әйелдің өзі шағымданбайынша олар нақты бір шара қабылдамайды.

Осы ретте Дағдарыс орталықтарының одағы, заңды тұлғалар бірлестігінің заңгері Гүлшара Сапаровадан кеңес сұрап көрдік. Көмек қажет ететін әйелдер мәселесімен айналысатын заңгердің сөзінше, әйел өзі көмек сұрамаған жағдайда оның таныстары немесе сырттан көріп қалған кез келген адам хабарлап айта алады.

"Бұл жерде тек әйелдің мүддесі емес, балалардың мүддесін де қарастыру керек. Балаларға қатысты әр аудан мен қалада Білім басқармасына қарасты Қорғаншылық және қамқоршылық қызметі бар. Бұл мекемелер балалардың мүддесін қорғау үшін қызмет етеді және араласа алады. Мысалы, бала мектепке барып жүр ме, кешке ешкімнің қарауынсыз жүрген жоқ па, қадағалайды. Егер жалғыз өзі жүрсе жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары бар. Сол жақа алты айға алып кетуі мүмкін. Ата-анасы қарамаса балаларын Балаларды бейімдеу орталығына алып кетеді. Патруль немесе мониторинг кезінде көріп қалса, олар да тиісті органдарға арыздануы мүмкін", – дейді заңгер.

Маманның сөзінше, әйел құзырлы органдарға хабарласса, заңға сай қауіп төндірген ер адамды үйінен 1 айға шығарып жіберуге болады.

"Бізде қазір заңнамаға сәйкес, күйеуі агрессор болып балаларға, әйеліне қауіп төндірсе, әйелді балаларымен үйде қалдырып, күйеуін үйден бір айға дейін шығарып жібере алады. Сот осындай қаулы шығаруына құқылы, бірақ бұл норма көп қолданылмайды. Оған себеп – әйелдің үндемеуі немесе үйде қалмай, дағдарыс орталығына кетіп қалуы. Сот органдары осы жағдайда "Әйел өзі балаларын алып, дағдарыс орталығына орналасты" деп, агрессорға тиіспейді. Іс ашылып, ол шынымен де сотқа дейін жетсе, дәлел мен айғақтар түгел болса, қылмыстық іске дейін жетсе, бұл жерде тергеуші сотқа "Мына әйел балаларымен үйден қуылды, ал күйеуі үйінде жатыр" деп арыздана алады. Егер арызданбаса, сот оны қарамайды. Көбіне әйелдер бұл жағдайды айтып, сот алдында арызданбайды. Себебі әйелдер ертең мазамды алады деп күйеуінен қорқады. Дағдарыс орталығында тұруының тағы бір себебі де – осы. Мекенжайымды білмесін, қайта-қайта келіп мазамды алмасын дейді", – деп түсіндірді заңгер Гүлшара Сапарова.

Әйел тұрмыста зорлық-зомбылық көрсе ең әуелі не істеуі керек?

Дағдарыс орталығында жұмыс істейтін заңгердің сөзінше, өзіне қауіп төнген әйел бірден полицияға хабарласып, арыз жазғаны жақсы. Маман әйелдің өміріне қауіп төніп тұрғанда не істеуге болатынын қадам-қадаммен айтып берді.

"Адамның құқығы бұзылып жатса ең біріншіден 102-ге хабарласып, полиция шақыру керек. Егер қиын жағдайға тап болып, қауіп төніп тұрса, сол жерден қашып шығып, 102-ге немесе 112-ге хабарласу керек. 112 – бүкіл мемлекеттік қызметтерді қосып тұрған телефон нөмірі. Хабарласса жағдайға қарай полицияны немесе жедел жәрдемді және тағы басқа қызметтерді жібереді. "Мемлекеттік органдардан көмек алғым келмейді, маған тек кеңес керек, уақытша тұратын жер керек" десе, онда 150 сенім телефонына хабарласуға болады. Мұнда мәселелеріңізді аноним айтуға, тегін кеңес алуға болады. Сонымен қатар балалардың мүддесіне қатысты 111 сенім телефоны бар, бұл да мемлекеттік қызмет номері болып саналады. Бұлар көмек немесе қандай да бір кеңес, ақпараттық көмек береді, түсіндіреді", – дейді заңгер Гүлшара Сапарова.

Ал егер әйел агрессордан кетуді біраз ойлап, алдын ала дайындалып барып қаша алса, онда мына қадамдарға мән берген жөн.

"Әйел іштей өзі "мен кетемін" деп бекініп, дайындала алса, онда ең біріншіден өзінің және балаларының құжаттарын және алғашқы кезде керек заттарын алып, қауіпсіз уақытта үйден шығып кетуі керек. Үйден шыққан соң қайда баратынын білуі керек. Егер бара алатын еш жері болмаса онда әр өңірде дағдарыс орталықтары бар. Одан бөлек уақытша тұратын жер беретін жеке қорлар бар. Олардың номерін 150 немесе 111,112 номерлерінен сұрап білуге болады. Мұндай номерлерге хабарласқан соң олар көмексіз қалдырмайды, міндетті түрде әрі қарай бағыттап жібереді", – деп кеңес етті заңды тұлғалар бірлестігінің заңгері.

Арнайы орталықтарда 6 айға дейін тұруға болады. Орталықтарда бәрі тегін беріледі. Жұмысы бар болса немесе жәрдемақы алса біраз уақыт қаржысын жинап, реттеп, сосын бөлек шығуына мүмкіндік бар.

"Біз құқықтық мемлекетте тұрғандықтан, негізі бірден полицияға хабарласып, арыз жазғаны жақсы. 2024 жылдан бері тұрмыстық зорлық фактісі бойынша учаскелік инспекторлар немесе тұрмыстағы зорлықтан қорғау инспекторлары арыз жазбай ақ істі бастап кете алады. Факт болса “осындай адам агрессорлық жасады, міне бірнеше рет психологиялық немесе физикалық зорлық көрсетті” деп айтуы керек. Егер өзінің құқығын, мүдделерін қорғамаса одан бетерін жасауы мүмкін", – деп ескертті заңгер.

Заңгердің сөзінше, әйел мен күйеуі заңды некеде болса және тұрып жатқан үйлері некеде алынса, ажырасқан жағдайда мүлікті теңдей бөлісе алады.

Тұрмыста зорлық көрген әйелдер неге көмек сұрауға қиналады?

"Жан-Сая" дағдарыс орталығының практикалық психологы Мадина Мағауяның сөзінше, зорлық көріп жүрген адамдар қатты күйзеліске түсіп кетеді де, шектеулі ойдың ішінде жүреді. Мұндайда адамның өзіне деген сенімі әлсірейді, қатты қорқады, бәрі түзелетін шығар деген үміт те болады.

"Сіз бен біз мысалы дәл осы сәттеміз және ересек позициямызды ұстанып жүрміз. Біз не болып жатыр, қандай жағдай болып жатыр, енді бұны не істейміз, соны саралай аламыз. Сыни ойлай аламыз. Ал қиын жағдайға түскен адамдар бала кезеңіне, бала кезде болған жарақатты уақытқа түсіп кетеді. Бала не істерін білмей қалады ғой, ересек те сондай бір жағдайға түсіп қалады. Туннель ойларға шомып кетеді және осыған әбден үйренеді. "Жанымды сақтап қалуым керек" деген позицияда жүре береді. Әсіресе іштей өзін кінәлі сезінетін әйелдер "жарайды, иә, иә" деп сол бір жағдайға шыдап жүреді. Мұндайда адамның өзіне деген сенімі әлсірейді, қатты қорқады, бәрі түзелетін шығар деген үміт те болады. "Бала үшін шыдаймын" деген әйелдер де көп. “Неге агрессорға қайта-қайта кері айналып бара береді?” деп біз ойлаймыз. "Саған қауіп төндіріп жатса, тұр да кетіп қал" дейміз. Ал негізі ұзақ уақыт бойы таяқ жеп, зорлық-зомбылық көріп соған үйреніп қалған әйелдің психикасы қатты шаршаңқы болады", – дейді психолог.

“Неге кетпейді дегенге қарағанда неге кете алмай жүр деп сұрағанымыз дұрыс”

Зорлық-зомбылық көрген әйелдер жақындарының сынынан, қоғамның ұятынан да қорқып, ешқайда кете алмайды дейді психолог. Оның үстіне заң тұрғысынан өзінің қорғалғанын біле бермейтін адамдар да бар.

"Менде ғана осы оқиға болды деп ойлап, ұялып, жұрттың сөзінен қорқып жүре беретіндер жетеді. Біреуге айтсам ол баға беріп кетеді деп қорқып, бір қиял әлемінде жүргендей иллюзияда әрі қарай өмірін сүре береді. Ересек позицияда, дәл қазір өмір сүріп жүрген адам ақпарат алып, іздеп, өзінің жағдайын түзетуге дайындала бастайды. Неге кетпейді дегенге қарағанда неге кете алмай жүр деп сұрақ қойғанымыз дұрыс. Өйткені бұл – әлсіздік емес, тек зорлық зомбылықтың салдары. Екіншіден, көп адам заңды түрде қорғалғанын білмейді. Мемлекетті бөлек алғанда, жеке қорларға, компанияларға, тегін көмектесетін ұйымдарға жүгінуге болатынын, өз құқығын, кімге хабарласарын білмейді. Бір жағдайға қайта-қайта түсе беру – тәуелділік қой (созависимость). Бұдан шығу үшін адамға оны қолдайтын, сынап, мазақтамайтын, қауіпсіз орта керек. Дәл біздің қоғамда осы жағынан қиындықтар болуы мүмкін. Себебі дәл дөрекі қарым-қатынаста адам баға беріп тастайды, сынайды, оның жағдайын қабылдамауы мүмкін. Мұндайда әйелдер жабылып қалады, көмек сұрамайды, "ұятқа" қаламын деп ойлайды", – дейді психолог.

Ал дағдарыс орталықтарына жүгінген әйелдерге мамандар ең бірінші қаупсіздік сезімін беруге тырысады екен. Маманның сөзінше, өзін ешкім кінәлап, сынамайтын әрі жайлы жерде әйел жан-жағына қарап, өмірін реттей бастайды.

"Әйелдер ең бірінші біздің орталыққа келгенде оларды барынша алаңдатпаймыз. Өзін еркін сезініп, жайлы, қауіпсіз жерде ұйқысын қандырып, тамаққа тойып, демалуды сұраймыз. Тамағы дайын, тұру тегін болғанда, ешкім келіп ұрмайтынына көз жеткізгенде, алаңдататын жайттар азайғанда олар жан-жағына қарай бастайды. Топтық терапияларда түрлі әйел өзінің неше түрлі оқиғаларын айтады. Соны тыңдап отырған әйел "Менің өмірімде ғана болып жатпаған екен ғой, көмек сұрау ұят емес екен, бұл жер маған көмектеседі екен, көмек деген өте көп екен" деген ойға келеді де, жан-жағына қарап, өмірін реттеуге талпына бастайды. Әйелдер 2-3 немесе одан көп сессиядан кейін басқаша болып шығады. "Мен жалғыз емес екенмін, менде бәрі дұрыс екен" деген ойға келеді. Енді мен жағдайымды былай жақсартуым керек деп ойлана бастайды. Әйел жағымсыз жағдайға, тұрмыстағы зорлыққа ұшырағанда өзін қауіпсіз жерге шығаруы керек. Содан кейін дағдарыс орталықтарына, полицияға, әлеуметтік қызметкерлерге немесе сенім телефонына хабарласуы керек", – деп түйіндеді психолог Мадина Мағауя.
Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 10:00