Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыздарымен араласпайды": Әнші Мұрат Қожаның бұрынғы әйелі Айман Нұразхан мәлімдеме жасады

Мұрат Қожа мен Айман Нұразхан
Фото: instagram.com/murat_khozha / aiman_nurazkhan

Белгілі продюсер, кинотанушы Айман Нұразхан әнші Мұрат Қожамен ажырасқаннан кейінгі өмірі туралы ашық айтты. Ол “Kezdesu” бағдарламасына берген сұхбатында некесі бұзылғаннан кейін ұзақ уақыт күйзеліске түскенін, сондай-ақ бұрынғы жолдасының қыздарымен араласпайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айман Нұразханның айтуынша, олардың ажырасқанына 12 жыл болған. Қазір екеуі жақын араласпайды, тек шығармашылық ортада, концерттерде кездесіп қалса, амандасып қана өтеді.

Продюсер бұрын Мұрат Қожаға қыздарының жағдайын сұрап, хабарласып тұру керегін айтқанын жасырмады. Алайда әнші тарапынан мұндай байланыс болмаған соң, кейін бұл тақырыпты қозғамай қойғанын жеткізді.

“Ажырасқанымызға 12 жылдан асты. Өкінішке қарай, біз қазір араласпаймыз. Арасында концерттік бағдарламаларда көрген кезде амандасамыз. Қыздарымен де араласпайды. Аралас, хабарын біліп қой деп айттым. Бірақ ол кісі жақтан араласу болмаған соң, қойдым”, – деді Айман Нұразхан.

Соған қарамастан, ол бұрынғы қайын жұртымен байланысын үзбеген. Сөзінше, әлі күнге дейін бұрынғы атасымен хабарласып тұрады, қыздарының суреттерін жіберіп, батасын алып отырады.

“Әлі күнге дейін атаммен араласамын, немерелерінің суретін жіберіп тұрамын. Ол кісі тілегін айтып, батасын береді. Мен содан ләззат аламын. Аман болсын”, – деді ол.

Айман Нұразхан жақында үш қызын ертіп, Ақтау қаласына барғанын да айтты. Онда олар марқұм енесінің басына барып, құран бағыштаған. Продюсер қыздарының әжелерінің жатқан жерін білгенін қалағанын жеткізді.

“Жақында үш қызымды алып, Ақтау қаласына, марқұм енемнің басына бардым. Ол кісінің қайтқанына 10 жыл болды. Марқұм енемді өте қатты жақсы көрдім. Қыздарым әжелерінің қайда жатқанын көрсін деп алып бардым. Сол кезде аталарымен де көрісті”, – деді кинотанушы.

Сұхбат барысында Айман Нұразхан ажырасқаннан кейінгі ішкі күйзелісі туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, құжат жүзіндегі “ажырасқан” деген мәртебе, жиын-тойларға жалғыз бару алғашқы жылдары өзіне ауыр тиген.

Продюсер бұл кезеңнен бірден шыға алмағанын, депрессия шамамен бес жылға созылғанын айтты. Оған сүйікті жұмысы, ата-анасы мен бауырларының, сондай-ақ қыздарының қолдауы демеу болған.

Қазір Айман Нұразхан бұл кезеңге сабырмен қарайтынын жеткізді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 16:00