Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп жатыр

Қазақстанда қайталама тұрғын үй нарығындағы бағаның өсу қарқыны күрт баяулады. Сатып алушылардың белсенділігі төмендегендіктен сатушылар пәтер бағасын негізсіз көтере алмайды. Ал елдің ең ірі мегаполистері – Алматы мен Шымкентте жыл басынан бері пәтер бағасы аздап арзандаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Krisha.kz сарапшыларының мәліметінше, биылғы алғашқы жартыжылдықта республика бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы небәрі 2,2%-ға өскен. Ал жаздың алғашқы айында өсім тіпті мардымсыз болып, бар болғаны 0,1%-ды құрады. Осылайша, жылжымайтын мүлік нарығы тұрақтанды. Дегенмен сарапшылар инфляцияның сақталуы мен құрылыс материалдарының қымбаттығына байланысты бағаның күрт төмендеуін әзірге болжап отырған жоқ.
Мегаполистердегі тұрғын үй бағасы қандай?
Алматы мен Шымкентте қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы жыл басынан бері 1,8%-ға төмендеген. Ал Астанада, керісінше, баға 3,8%-ға өскен. Баға аздап төмендегеніне қарамастан, Алматы Қазақстандағы ең қымбат жылжымайтын мүлік нарығы мәртебесін сақтап отыр.
Бір шаршы метрдің ең жоғары бағасы тіркелген қалалар:
- Алматы – 790,8 мың теңге;
- Астана – 594 мың теңге;
- Шымкент – 470,3 мың теңге.
Ал қайталама нарықтағы ең қолжетімді тұрғын үй Қызылордада (бір шаршы метрі – 266,3 мың теңге), Ақтөбеде (315,7 мың теңге) және Таразда (321 мың теңге) тіркелген.
Тұрғын үй бағасы қай өңірлерде өсіп жатыр?
Еліміздің қаржы орталықтарында тұрғын үй бағасы төмендеп жатқанымен, бірқатар өңірде жылжымайтын мүлік әлі де айтарлықтай қымбаттап келеді. Жыл басынан бері тұрғын үй бағасының ең жоғары өсімі мына қалаларда тіркелді:
- Көкшетау – 7,7%;
- Павлодар – 5,8%;
- Семей – 5,6%;
- Қостанай – 4,9%.
Ал маусым айында өңірлердің басым бөлігінде нарық тұрақты болды. Бағаның өсуі де, төмендеуі де 1%-дан аспаған. Ал Ақтауда бір айдың ішінде пәтерлердің орташа ұсыныс бағасы күтпеген жерден бірден 4,2%-ға өсті.
ОқыңызЖылдық есепте өткен жылдың жазымен салыстырсақ, Қазақстандағы пәтерлердің орташа бағасы әлі де 6,7%-ға жоғары. Соңғы 12 айда тұрғын үй бағасы ең көп Көкшетауда (+14,3%) және Астанада (+12,3%) өскен.
Ал өткен жылдың жазымен салыстырғанда пәтер бағасы арзандаған жалғыз өңір – Атырау облысы. Мұнда тұрғын үй құны шамамен 0,5%-ға төмендеген.
Бұған дейін мамыр айында Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы жағдай тұрақтала бастағаны туралы жазған едік. Жаңа салынған үйлердің бағасы былтырмен салыстырғанда өскен, бірақ ай сайынғы өсім баяулаған. Ал қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы мамыр айында аздап төмендеді. Жылдық өсім болса жалпы инфляция деңгейіне жақын болды. Сарапшылар мұны жаңа үйлерді салу шығындарының қымбаттауымен, салық және заңнамадағы өзгерістермен, сондай-ақ ипотека мен несиенің қымбат болуына байланысты сатып алушылардың сақтық танытуымен байланыстырады. Нәтижесінде тұрғын үй нарығындағы белсенділік төмендеген.
Жаңа Конституция, пойыз билетінің бағасы, ипотека шарттары: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?