"Жергілікті тұрғындарды кемсіткен": Бали билігі екі туристті елден қуып, қайта кіруге тыйым салды

Бали билігі Entourage Bali жүгіру клубының нидерландтық екі ұйымдастырушысына Индонезияға қайта кіруге тыйым салды. Себебі олар жергілікті тұрғындарды кемсіткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nine.com.au порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Клуб "цифрлық көшпенділердің" (digital nomads) араласуы және бірлескен іс-шаралар өткізуі үшін құрылған. Алайда әлеуметтік желілерде жарияланымдар тарағаннан кейін ұйымдастырушылар жергілікті тұрғындарды қауымдастыққа қабылдамайтыны үшін сынға ұшырады.
Индонезия тұрғындарының бірі оның өтінімі индонезиялық аты-жөні мен телефон нөміріне байланысты қабылданбағанын, ал шетелдік деректері бар жұбайының өтінімі мақұлданғанын мәлімдеді.
Бали иммиграция қызметінің бас директоры Хендарсам Марантоко шетел азаматтарының Индонезияның қоғамдық кеңістігінде өз ережелерін орнатып, жабық қауымдастықтар құруына жол берілмейтінін айтты. Тексеру нәтижесінде 35 жастағы JAS пен 37 жастағы HQV-ге елге кіруге тыйым салынды. Олар Индонезиядан шығып, Сингапурға аттанған.
Entourage Bali клубының өкілдері ешкімді кемсіту немесе құрметсіздік таныту ниеттері болмағанын мәлімдеді. Ұйымдастырушылар жағдайды қатысушыларды тіркеудің автоматтандырылған жүйесіндегі қателікпен түсіндіріп, соңғы іс-шаралардың біріне қатысушылардың шамамен төрттен бірі Индонезия азаматтары болғанын атап өтті.
ОқыңызЖанжалдан кейін клуб барлық іс-шараларын уақытша тоқтататынын хабарлап, болған жағдай үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Жергілікті сенатор Нилух Джелантик Бали халқының қонақжайлығын жергілікті тұрғындарды менсінбеуге болады деген түсінік ретінде қабылдамау керектігін атап өтті.