Шымкентте бұрынғы күйеуін құтқарамын деп полковникке қарсы куәлік берген әйелдің өзі жауапқа тартылмақ

Шымкентте 6 миллион теңге пара алғаны үшін сотталған полиция полковнигінің ісі күтпеген арнаға бұрылды. Экс-полицейге қарсы негізгі куәлік берген әйел сотта өз сөзін өзгертіп, бұл іске ҰҚК-де жұмыс істейтін туысының ықпалымен барғанын мәлімдеді. Бірақ оның бұл жауабы сот үкіміне әсер еткен жоқ: Тұран аудандық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Нұржан Тілеуов 6 жылға сотталды. Ал енді басты куәгердің өзі жалған жауап берді деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған бұл істі қатардағы пара дауы деп қабылдау қиын. Себебі сот барысында айыптау тарапының негізгі куәгері тергеу нұсқасына сай келмейтін мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты күтпеген деректерді айтты.
Істегі басты куәгер – 40 жастағы Ақтоты Өзбекова. Ол 50 жастағы полковник Нұржан Тілеуовті бұрыннан таниды. Тілеуов Түркістан облысы Түлкібас аудандық полициясында қызмет етіп жүрген кезде Ақтоты полиция назарына бірнеше рет іліккен. Алайда арада жылдар өткен соң екеуінің жолы Шымкентте қайта түйіседі. Бұл кезде Тілеуов Тұран аудандық полиция басқармасын басқарады.
Биыл ақпанда Нұржан Тілеуов ірі көлемде пара алды деген айыппен кінәлі деп танылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 6 миллион теңгені есірткі ісі бойынша ұсталған Мансур Абдраховтың қылмыстық бабын жеңілдетіп беру үшін алмақ болған.
Мансур Абдрахов – осы істегі басты куәгер Ақтоты Өзбекованың бұрынғы күйеуі. Әйел қызының әкесіне көмектескісі келіп, оның жазасын жеңілдетудің жолын іздеген. Алайда оның бұл әрекеті жағдайды жеңілдетудің орнына одан әрі ушықтырған.
Соталды тергеуде Ақтоты Өзбекова бұрынғы күйеуінің бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруға, сондай-ақ тағылған айыпты жеңілдетуге тырысқанын айтқан. Осы мақсатпен ол бірнеше рет Тұран аудандық полиция басқармасына барып, тергеушілермен сөйлескен. Сол жерде бұрыннан таныс Нұржан Тілеуовті кездестіріп, кейін онымен “көмек” туралы сөйлескен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Өзбекова полковникпен болған кездесулерге алдын ала берілген жазба құрылғыларымен барған. Ал ҰҚК департаментінен берілген 6 миллион теңге салынған пакетті келісім бойынша Тілеуовтің жүргізушісінің көлігіне қалдырған. Осылайша ол сыбайлас жемқорлық қылмысын әшкерелеуге көмектескен адам ретінде қаралған. Үкім заңды күшіне енген жағдайда, заң бойынша шамамен 1 миллион теңге көлемінде сыйақы алуы да мүмкін еді.
Алайда сотта Ақтоты Өзбекова күтпеген мәлімдеме жасады. Ол шын мәнінде алғашқыда көмек сұрап Шымкент қаласы ҰҚК департаментінде жұмыс істейтін туысына барғанын айтты. Куәгердің сөзінше, пара туралы арыз бен жауап алу хаттамасын дайын күйінде, оқымастан қол қойған.
Мұндай мәлімдеме жасауына белгілі бір жағдай әсер еткен. Мансур Абдраховтың бұлтартпау шарасы сол кезде шынымен өзгертіліп, ол үйқамаққа шығарылған. Бірақ былтыр қазанда есірткі сатқаны үшін 6 жылға сотталды. Кейін оның қазіргі әйелі Ақтотыға келіп, бұрынғы күйеуінің ісін “шешемін” деп жүріп жағдайды керісінше ауырлатып жібергенін айтқан. Осыдан кейін Ақтоты қатты абдырап қалған.
ОқыңызАдвокат Әлия Жаманбаеваның айтуынша, Ақтоты сол кезде өзінің не істеп қойғанын және алда тағы қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіне бастаған. Өйткені Нұржан Тілеуовке қатысты сот процесі басталуға жақын қалған.
“Ақтоты Өзбекова маған алғаш келіп, бұрынғы күйеуін құтқаруға тырысқан осы күрделі оқиғаны айтып берген кезде, мен оған бір ғана дұрыс кеңес бердім: сотта шындықты айту керек дедім. Оның үстіне жалған куәлік беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын да түсіндірдім”, – дейді адвокат Әлия Жаманбаева.
Сөйтіп Ақтоты сотта өз нұсқасын баяндаған. Ол бұрынғы күйеуін құтқаруға шын ниетімен кіріскенін, ал бұл іске ең әуелі ҰҚК-де жұмыс істейтін туысы араласқанын айтты. Куәгердің сөзінше, туысы оған көмектесуге уәде берген. Сондықтан ол арыз бен хаттаманы оқымай-ақ қол қойғанын жеткізді.
“Туысым ғой, қалай сенбеймін?” деген ойда болған ол жазба құрылғыларын да, кейін пара ретінде берілген ақша салынған пакетті де сол адам бергенін айтқан. Өзбекованың сөзінше, туысы бұрынғы күйеуінің ісін жеңілдетуге, тіпті шартты жаза алуына көмектесемін деп сендірген. Бірақ оның орнына Ақтоты біреуді сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұстауға көмектесуі керек болған.
Куәгер сотта нақты бір адамның аты аталмағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл полиция қызметкері де, прокурор да, адвокат та немесе басқа адам да болуы мүмкін еді. Ал бұрыннан таныс аудандық полиция басқармасының бастығы бұл рөлге дәл келіп тұрған.
Өзбекова сотта полиция полковнигіне пара беру операциясының қалай ұйымдастырылғанын егжей-тегжейлі баяндаған. Бірақ оның бұл сөздері қаншалықты рас екенін сот бөлек бағалады. Дегенмен куәгердің мәлімдемелері процеске қатысушылар үшін күтпеген жағдай болғаны анық. Тіпті ол соттан өзін қорғауды сұрауға мәжбүр болған.
Айта кетерлігі, ҰҚК-де жұмыс істейтін туысы сот процесіне қатыспаған. Бірақ ол сотта не болып жатқанынан хабардар болған және Ақтотыны айыптау тарапының бастапқы ұстанымынан таймауға көндіргені айтылды.
Сот үшін де бұл мәлімдемелер күтпеген жағдай болды. Соған қарамастан, Өзбекованың барлық жауабы хаттамаға енгізіліп, кейін үкімде де көрсетілді. Алайда сот оның сөздеріне сын көзбен қарады. Судья куәгер жалған жауап берген болуы мүмкін деген күдікпен оған қатысты жеке қаулы шығарды.
Істі қараған судья Айнель Орақбаеваның қаулысында Ақтоты Өзбекованың сотта берген жауабы шындыққа сәйкес келмейді, бір-біріне қайшы және сотты жаңылыстыруға бағытталған деген қорытынды жасалған.
“Сот дәлелдемелерді бағалай келе, А. Өзбекованың сотта берген жауабы шындыққа сәйкес келмейді, бір-біріне қайшы және сотты жаңылыстыруға бағытталған деген қорытындыға келді. Ал оның соталды тергеу кезінде берген жауабы іс бойынша өзге дәлелдермен және басқа адамдардың айғақтарымен сәйкес келеді”, – делінген прокуратураға жолданған қаулыда.
Сондай-ақ сот болжамға, естуге негізделген және нақты дереккөздермен расталмаған жауаптар дәлелдеме ретінде қабылданбайтынын атап өткен.
Ақтоты Өзбековаға қатысты шығарылған жеке қаулыны жоғары сатыда даулау әрекеті нәтиже бермеді. Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісті. Соның нәтижесінде бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды.
Адвокат Әлия Жаманбаева болса, Ақтоты Өзбекова соталды тергеу нұсқасын жоққа шығарған жоқ, тек іс материалдарында бұрын көрсетілмеген жаңа мән-жайларды айтқан деген ұстанымда.
“Өзбекова сотқа дейінгі нұсқаны бұзған жоқ, тек оны бұрын іс материалдарында көрсетілмеген жаңа деректермен толықтырды. Сот оның нақты қай жауабын жалған деп танығанын, жалғандық неден көрінетінін, сотты әдейі жаңылыстыру ниеті қалай дәлелденгенін көрсеткен жоқ”, – дейді адвокат шағымдарында.
Дегенмен Ақтоты Өзбекованың енді өзі де айыпталушы болуы мүмкін. Егер ол жалған жауап берді деп танылса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп кетті: Бұған не себеп