Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәжкенова Orda.kz-тен шамамен 90 миллион теңге шығарған - Прокурор

Гүлнар Бәжкенова
Фото: facebook.com/gulnara.bazhkenova

Алматыда журналист әрі Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлнар Бәжкенова ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оған қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша бірден айып тағылған.

Бәжкенованың айтуынша, көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып бойынша өзіне сегіз эпизод бойынша айып тағылған. Алайда журналист аталған эпизодтардың бесеуіне қатысты ақпараттың шынайылығын дәлелдейтін бейнематериалдар қолында бар екенін мәлімдеді. 

Заңсыз кәсіпкерлікке қатысты айып бойынша, Бәжкенованың айтуынша, іс пәтерлерді сатуға байланысты қозғалған.

Журналистің түсіндіруінше, тергеу заңсыз кәсіпкерлікке қатысты айыпты 2018 жылдың басында пәтерлерді сатып алу және сату қызметімен тіркелмей айналысқанымен байланыстырып отыр.

"Бұл айып бойынша кемінде 10 пәтер болуы керек. Олардың қатарында мен 2022 жылдан бері тұрып жатқан пәтер де енгізілген. Оны да тізімге қосқан. Тағы бір пәтерде 2013 жылға дейін, яғни 13 жыл тұрдым. Масанчи көшесіндегі пәтерім де тізімге енгізілген. Мен оны 2018 жылы сатып алып, бес жыл тұрдым. Екі пәтер екі жыл бойы менің меншігімде болды. Ал бір жыл ішінде тек бес пәтерді ғана сатып, тиісті салықтарды төледім", – дейді журналист.

Іс материалдарына сәйкес, журналист Гүлнар Бәжкеноваға қылмыстық кодексінің заңсыз кәсіпкерлік, көрінеу жалған ақпарат тарату және сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету баптары бойынша айып тағылған.

Сот отырысында оқылған айыптау актісінде Бәжкенова қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, аса ірі көлемде бөтен мүлікті жымқырды деп көрсетілген. Тергеу нұсқасы бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 88 миллион теңгеден асады, оның ішінде 84,2 миллион теңге компания шотынан жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған.

Сондай-ақ айыптау тарапының мәліметінше, айыпталушы есепшіге баласы оқитын жекеменшік мектептің есепшотына 4 миллион теңге аударуды тапсырған.

Бұдан бөлек, прокурордың айтуынша, Бәжкенова кәсіпкер ретінде тіркелмей бірнеше пәтер сатып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Тергеу дерегіне сәйкес, сатып алу-сату шарттарында пәтер құны төмендетіліп көрсетілген, ал салық міндеттемелері толық орындалмаған және табыс толық көлемде декларацияланбаған.

Тағы бір айып бойынша журналист бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген.

Сот отырысының басында Гүлнар Бәжкенованың адвокаты қылмыстық істі толық тоқтату туралы өтінішхат берді. Оның айтуынша, іс материалдарында қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ.

Қорғаушының айтуынша, пәтерлердің бір бөлігі жеке тұру үшін сатып алынған, ал оларды сатып алу мен кейін сату арасындағы уақыт екі жылдан асқан. Екі жылға жетпей сатылған пәтерлер бойынша мемлекетке барлық салық толық төленгенін айтты.

Сондай-ақ адвокат көрінеу жалған ақпарат тарату туралы айыпқа қатысты сараптамаларда аталған тұлғалар жөнінде жағымсыз мәлімет анықталмағанын, ал ақпарат расталған жағдайда оның беделге нұқсан келтірмейтіні көрсетілгенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, ол сеніп тапсырылған қаражатты ысырап ету туралы айыпты жоққа шығарып, аталған қаражат қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалғанын айтты.

Ольга Ким қылмыстық істі "қате әрі заңсыз қозғалған" деп бағалап, Бәжкеноваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыруды сұрады. 

Гүлнар Бәжкенова соттағы сөзінде өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. 

"Менің кінәм жоқ. Маған тағылған бірде-бір айып бойынша кінәм дәлелденген жоқ", – деді Бәжкенова.

Жәбірленушілердің адвокаттары мен прокурор қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішті қолдамады. Нәтижесінде сот істі тоқтатудан бас тартты. Сондай-ақ үйқамақты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыру туралы өтініш те қанағаттандырылмады, өйткені сот тиісті негіздер ұсынылмағанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Orda.kz редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік. 2025 жылдың 1 желтоқсанында полиция Orda.kz басылымының кеңсесі мен Гүлнар Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізді. Журналиске бірнеше рет әдейі жалған ақпарат тарату дерегі бойынша айып тағылған. Артынша Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 18:41