Қазақстандық ақауы бар көлік үшін салонды сотқа беріп, 21 миллион теңгесін қайтарып алды

Маңғыстау облысында жаңа автокөлік сатып алған тұрғын көліктегі бірқатар қауіпті ақауларға байланысты сотта жеңіп, автосалоннан 21,4 миллион теңгені қайтарып алатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысының тұрғыны жаңа автокөлік сатып алғаннан кейін көліктен бірқатар күрделі техникалық ақаулар анықтаған. Электронды жүйелердің жиі істен шығуы, автоматты беріліс қорабының қателіктері, мультимедиялық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі, жолда келе жатқанда жүксалғыштың өздігінен ашылып кетуі және басқа да ақауларды байқаған.
“Кепілдік мерзімінде тұрған көліктегі кемшіліктерді жою үшін азамат автосалонның сервис орталығына бірнеше рет жүгінген. Диагностика мен жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ақаулар толық жойылмаған. Осыдан кейін ол Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жазбаша шағым түсірген.
Департамент Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында өтінішті қарап, екі тарапты да тыңдаған. Тексеру барысында тұтынушыға оның құқықтары түсіндіріліп, сатушыға өзара келісім негізінде сатып алу-сату шартын бұзып, төленген қаражатты қайтару ұсынылған”, – делінген хабарламада.
ОқыңызАлайда сатушы бұл ұсыныспен келіспегендіктен, тұтынушы сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Бастапқыда іс қалалық сотта қаралып, талап қанағаттандырылмаған. Бұл шешіммен келіспеген азамат апелляциялық шағым түсіріп, істі Маңғыстау облыстық соты қараған.
Апелляциялық сот істі жан-жақты зерттеп, көліктегі ақаулар кепілдік мерзімі ішінде пайда болғанын, бірнеше рет қайталанғанын және көлікті қауіпсіз пайдалануға кедергі келтіретін елеулі кемшілік екенін анықтаған. Сондай-ақ сот сатушының келісімшартта қарастырылған тәуелсіз сараптаманы уақтылы ұйымдастырмағанын және тұтынушының заңды талаптарын орындамағанын ескерген.
Нәтижесінде Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін бұзып, тұтынушының талап-арызын толық қанағаттандырды.
“Сот шешіміне сәйкес сатып алу-сату шарты бұзылып, тұтынушыға 21 490 000 теңге көлеміндегі көлік құны қайтарылатын болды. Сонымен қатар, көлікті пайдалану барысында шеккен шығындары өтеледі. Одан бөлек, моральдық зиян үшін де өтемақы тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Сот шығындары, сараптама, мемлекеттік баж және өкіл қызметі үшін төлемдер де өндіріледі.
Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп кетті: Бұған не себеп