Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев алдағы екі жыл әлемдік экономика үшін күрделі болатынын айтты

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды реформалауға кіріседі. Мұны президент парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді. Тоқаев алдағы өзгерістерді “қазақ мемлекеттілігінің іргетасын күрделі жаңғырту кезеңі” деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев алдағы екі жыл әлемдік экономика үшін оңай болмайтынын айтты. Оның пікірінше, көптеген мемлекет экономикалық жоспарларын іске асыруда қиындықтарға тап болады. Десе де президент мұндай жағдайда еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайтынын жеткізді. 

“Үкімет барынша белсенді әрі жедел жұмыс істеуі керек. Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін инфляцияны мүмкіндігінше ең төмен деңгейге дейін төмендетіп, экономиканың даму қарқынын бәсеңдетпеу қажет. Керісінше, барлық негізгі көрсеткіштерді арттыруымыз керек”, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, елімізде мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалау жұмыстары ресми түрде басталады.

“Біз қазақ мемлекеттілігінің іргетасын жаңғыртуды, тәуелсіз еліміздің негізі мен тірек құрылымдарының беріктігін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын түбегейлі жақсартуға міндеттіміз”, – деді президент.

Тоқаев бұл аса маңызды міндет екенін айтты. Ал оны жүзеге асыруға мемлекеттік қызметкерлер, академиялық институттар, ғылыми және саясаттану орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдар бірлесіп атсалысуы қажет дейді. 

Сонымен қатар Президент өткен жылы Жолдауда айтқан "үш жыл ішінде Қазақстанды дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру" міндеті өзегін жоғалтпағанын ескертті. 

“Бұл міндеттің күші жойылған жоқ. Оның орындалуы еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сенімді қамтамасыз ету мәселесі әлі де толық шешілген жоқ. Мұны әрдайым есте ұстауымыз керек”, – деді президент.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Қазақстан дәстүрлі бюрократиялық жүйеден заманауи сервистік мемлекеттік басқару моделіне көшуі тиіс екенін мәлімдегені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 13:53