Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәстүрлі бюрократиядан бас тарту керек": Тоқаев мемлекеттік басқаруды жаңғырту керегін айтты

Тоқаев

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Тоқаев Қазақстан дәстүрлі бюрократиялық жүйеден заманауи сервистік мемлекеттік басқару моделіне көшуі тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президенттің сөзінше, алдағы ауқымды цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары маусым айының басында өзі бекіткен Digital Qazaqstan стратегиясында айқындалған.

“Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізіп, мемлекеттік басқару сапасын түбегейлі жақсартуымыз қажет”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы банк қызметін реттейтін және цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізуді көздейтін заңдарға қол қойғанын айтты. Сонымен қатар оның тапсырмасымен құқықтық базаны жүйелеп, жаңғыртумен айналысатын зияткерлік реттеу орталығы құрылған.

Президенттің айтуынша, бұл шаралар кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, бизнес үшін қолайлы цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тоқаев соңғы бес жылда Қазақстандағы электрондық сауда көлемі шамамен сегіз есе өсіп, 3,7 триллион теңгеге жеткенін айтты. 

“Қазір онлайн сауданың үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 15%-ы. Мұның бәрі азаматтардың цифрлық жүйелерге деген сенімінің жоғары екенін және тұтыну мәдениетінің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді”, – деді Президент.

Сонымен қатар ол жасанды интеллектіні дамыту үшін Қазақстанға заманауи есептеу инфрақұрылымы қажет екенін айтты.

“Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы” мегажобасын іске қосу ерекше маңызға ие. Бұл жоба әлемдегі жетекші BigTech корпорацияларын тартатын қуатты орталыққа айналуы тиіс. Үкімет бұл міндетті үнемі назарда ұстауы қажет. Мен оның орындалуын жеке бақылауда ұстаймын”, – деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, елімізде жаңа буын мамандарын даярлау басталып кеткен. Alem.ai халықаралық орталығының базасында екі инновациялық мектеп ашылды. Ал жаңа оқу жылында Орталық Азиядағы жасанды интеллектіге маманданған алғашқы университет жұмысын бастайды.

“Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертіп, дәстүрлі бюрократиялық жүйеден жоғары тиімді сервистік басқару моделіне көшуіміз қажет”, – деді Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев қос палаталы парламенттің жұмысына баға бергені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 13:26