Алатауға жаңа мәртебе берілді: Тоқаев заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық заңның негізгі мақсаты – Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау. Қаланың арнайы мәртебесі жаңа мүмкіндіктер ашып, инновация, инвестиция тарту және экономиканы дамытуға қолайлы орта құруға бағытталған.
“Конституциялық заңмен Алатау қаласын басқарудың жаңа үлгісі енгізілді. Сондай-ақ кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, құмар ойын қызметі, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, сәулет және қала құрылысы, экология, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет пен спорт салаларын реттеудің негізгі бағыттары белгіленді”, – деп жазды Ақорда.
Заңда "Алатау резиденті" деген құқықтық мәртебе енгізілді. Бұл мәртебе қала әкімшілігі тарапынан жеке және заңды тұлғаларға белгілі бір санаттар бойынша беріледі. Оған байланысты арнайы режимді қолдану көлемі, сондай-ақ құқықтар, міндеттер мен талаптар белгіленеді.
Қаланың ұзақ мерзімді инвестициялық және технологиялық дамуы Алатауды дамытудың ұзақ мерзімді жоспары, бас жоспары және даму стратегиясы сияқты стратегиялық құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
“Алатау қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тиімді жұмыс істеуі және "ақылды қала" ретінде дамуы үшін инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық қауіпсіздік жүйелеріне қатысты барлық деректер қалалық кеңістікті басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына біріктіріледі”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Конституциялық заң инвестициялық ахуалды және инвесторларға берілетін кепілдіктерді, салық-бюджет саясатын, қала дизайны мен жер қатынастарын реттейді.
Бұған дейін мемлекет басшысы “Алатау” арнайы құқықтық режимі туралы конституциялық заңға ерекше тоқталған еді.
“Бұл заң шетелдік және отандық бизнеске кең мүмкіндіктер ашады. Сондықтан осы бірегей заңнамалық актінің әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Жедел дамитын цифрлық мегаполистерді, инновациялық кластерлерді және жоғары өнімді индустрияларды құру Қазақстанды Еуразиядағы жоғары технологиялық әрі іскерлік хабқа айналдыруға бағытталған”, – деді Тоқаев.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті
Оқыңыз