Тоқаев коронавирустың өршуіне бұрынғы денсаулық сақтау министрін кінәлі деп тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын кінәлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тоқаев дер кезінде жарияланған карантин біраз адамның өмірін сақтап қалғанын ескеріп өтті. Десек те ол әкімдер мен денсаулық сақтау министрлігінің жіберген қателіктері бар екенін мойындады.
"Өкінішке орай, халықтың карантинді елемеуінен және денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының, әкімдердің жауапсыздығының кесірінен коронавирустың екінші толқынымен қоса пневмонияның өршуімен бетпе-бет келдік. Айтылған мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Шенеуніктердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз", - деді Тоқаев.
Бұған қоса ол мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілгенін тағы бір мәрте атап өтті.
"Қазір жағдайдың тұрақтанғаны байқалады. Бірақ босаңсудың қажеті жоқ. Алдағы аптада пандемияға қарсы күрестің барысы айқындалмақ", - деп қосты президент.
Айта кетейік, 25 маусым күні экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз еркімен отставкаға кеткен болатын. Оның орнына үш күн вице-министр болып жұмыс істеген Алексей Цой тағайындалды. Біртанов өз кезегінде жұмыстан кетуін денсаулығына байланысты екенін айтыпты.
"Әр қазақ – менің жалғызым": Тоқаев 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялады