Биыл 188 мың баспана салынады: Қанша құрылысшы жұмысқа қамтылмақ
Қазірдің өзінде өнеркәсіп министрлігінің хабарлауынша, бүгінге дейін 106 мыңға жуық пәтер тапсырылған. Осы жылы құрылыс қарқыны былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл Үкімет 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Бұл бүгінде ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бүгінде жұмыстың шашамен 87%-ын жеке компаниялар атқарады.
Құрылысшылар одағының өкілі Диляра Сейітнұрованың мәліметінше, құрылыс саласын Қазақстандағы №6 экономика драйвері деп айтуға болады.
"Құрылыс саласында, яғни бізде қазіргі кезде, менің соңғы мәліметім бойынша 2-3 миллион адам жұмыс істейді. Тұрақты. Одан бөлек, жұмыс қарқыны елдегі баспана мен нысан санын көбейтіп қана қоймай, өндіріс нарығына кіріс алып келді", – дейді сарапшы.

Яғни қажетті материалдар шығаратын зауыттардың да кәсібі дамиды. Түптеп келгенде құрылыс саласының дамуы мемлекеттік бағдарламалармен тығыз байланысты. Бүгінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, мектеп пен аурухана салуға ерекше назар бөлініп отыр.
Ал қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақ әлеуметтік нысанға жұмсалған қаражатты тек бюджеттің шығыны деп қарау дұрыс емес екенін айтады.
"Сапалы мектеп адами капиталды арттырады, аурухана халықтың денсаулығын жақсартады. Ал жол мен инженерлік инфрақұрылымдарды айтар болсақ, бұл бизнестің шығынын төмендететін факторлар. Яғни, дұрыс таңдалған құрылыс жобасы бір уақытта жұмыспен қамтуды да, ұзақ мерзімді экономикалық әлеуетке де өзіндік тиімді әсерін тигізеді", – деп түсіндірді қаржы сарапшысы.
Биылғы құрылыс саласын дамытудағы негізі көзделген міндеттің бірі – цифрландыру. Мемлекет құжаттар алу мерзімін қысқартуға, құрылыс үдерісінің ашықтығын қамту үшін сандық сервистерді енгізуді жалғастырып жатыр. Сондай-ақ Құрылыс кодексінің аясында саладағы заңсыздықтарды жою, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қолға алынған.
Еске салайық, 14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру және кезектегі азаматтарды түгендеу тәртібі өзгерді. Енді азаматтардың дербес деректерін өңдеуге жеке келісім алу талап етілмейді. Сондай-ақ тұрғын үйге қатысты талаптар мен отбасы құрамын есептеу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты