Тоқаев: Коронавирустың кең таралуына байланысты халыққа жауап беру қиынға соғып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті. Мемлекет басшысы халықпен кері байланыс орнату өте қиынға соғып жатыр, өйткені арыз-шағым өте көп екенін мәлімдеді. Оның сөзінше ақпараттық жұмыстар дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. 

"Арнайы сайтқа қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда. Ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керек", - дейді Тоқаев. 

Сонымен қатар, Тоқаев телеарналарға арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, дәрігермен халықтың арасында байланыс орнатуды тапсырған. 

"Телеарналардан, тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды? Азаматтарға емдеудің протоколын, алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер, оны пайдалану жөнінде түсініктеме беру қажет", – деді президент.

Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды деп кесіп айтты Тоқаев. Басшылықтағылар халықтың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермегендіктен, тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей дал болды дейді ол. 

"Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы", - дейді Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев бірқатар шенеуніктерге сөгіс жариялағаны айтылған еді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр